08.05.2022
  144


Автор: Сабыр Адай

Көз жасыңыз қалды ма?

Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла.
Көз жасыңыз қалды ма?!
Көз жасынан жақыны жоқ көрдің бе,
Жалғыз бенен жарлыға.
Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла.
Көз жасыңыз қалды ма?!
Көз жасынан жақын ешкім көрмедім,
Жетім менен зарлыға.
Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла!
Көз жасыңыз қалды ма?!
Жыр үшінде бір жылап қой қарағым,
Қара өлеңді жайып қойып алдыңа?!
* * *
Өз елесің өз санаңды өкшелеп,
Өмір сүрдің.., күлемісің текке деп.
Көрген шындық, өлген мұңдық айтпадық,
Кеше де сол тілді тістеп шеттеп ек.
Ары қайда заманыңның көрмедім,
Етекте ез, езіңнен без, төрде кім?!
Кезген тарих кер маядай боздайды,
Сол бір боздау бар көрсеткен өрнегім.
Қазақпын ғой таныдың ба момының,
Менікі еді бересің бе орының?!..
Тарихымның тал бесігі жылаулы,
Ақ сорасы сорғалайды сорының.
...Шатыр тіккен сонау кімнің сарайы,
Қу шатырдың құл мен құтан маңайы.
Бостандыққа басын берген боздақтың,
Обалына шомылып жүр талайы.
* * *
Қайда барсаң ер көңілі құсалы,
Көріп жүрген жан секілді түс əлі.
Ұлы дала ұйқың қандай қатты еді,
Санамызды тұсады.
Шырақ жағып дұға қылдым тұрмадың,
Шығар-шықпас тұр жаным.
Қыңыр тартып, қыдыр қашып барады,
Құдай жолы мен болайын құрбаның.
Тұршы далам!?..
Тұғырыңнан тіл қатып.
Оянайық кіл жасық.
Көкбөрінің сүрлеуіне түсіп ал,
Бұл далаға болсаң егер шын ғашық.
* * *
Ыпыны кеткен жұрттанмын,
Ылдидан көзді сыққанмын.
Сырма бешпент жамылып,
Сығалап бұлттан шыққан кім!?
Бұршақтан моншақ тағынды,
Ботадай боздап шағынды.
Желіден бұлтты ағытып,
Жел жеңгем бүгін қағынды.
Жыланып күздің аспаны,
Көңілі көктің қасталы.
Көкезу самал сымпылдап,
Көп сырын айтып тастады.
* * *
Тұрмыстың қамын ұран ғып,
Қаралы керуен, Тұран жұт.
Айналып аспан түссе де,
Уақыт жоқ бізде тұрарлық.
Найзағай жатыр кескілеп,
Кеудесі мұның өсті деп.
Боз-бота бұлттың көз жасын,
Көп бейбақ сосын кешті кеп.
Бұршақ пен жаңбыр аралас,
Өлшеулі өмір жағалас.
Өзекті жанда қайғы көп,
Өртенсе аспан қарамас.
Селдетіп, сермеп қылышын,
Ойнады жасын кім үшін?
Аспаным өртшіл, жер дертшіл,
Жанымның алды тынышын.
Жау-жағалас
Өмір-ай,
Қанша бар əлі, құрысын!..
* * *
Саудыраған сақал-мұртын мүк басқан,
Түнереді түкті аспан.
Бұл неғылған өлке еді өлермен,
Өзегінен құт қашқан.
Ақ самайы ала қырау мың қырат,
Жылғасында жыл жылап,
Келе жатқан сонау кімнің міскіні,
Қара тасқа өз маңдайын ұрғылап.
Ақ сағыммен желбірейді тұлымы,
Кім де болса осы елдің бір ұлы.
Ай мен күннің аманында жылап жүр,
Неге мұнша көкмойнақтың құлыны.
Жалы жібек күміс еді тұяғы,
Айдың асыл қияғы.
Текті көрсе теріс қарап қалатын,
Қайдан келген бұл қорқаулар ұялы!?..





Пікір жазу