08.05.2022
  154


Автор: Сабыр Адай

Ұйқысыз таң

Алақаның оймақтай ғой бүлдіршін,
Түннен қара, гүлден сұлу тұнжырсың.
Көздеріңде күміс сəуле күн жатыр,
Тəй-тəй бассын, қыз-қызғалдақ, ұл күлсін.
Құлыным-ай құлдыраған тай сынды,
Құздан қарап сығалаған ай сынды.
Көкірегін желге ашып қунаған,
Кіл періште сүйсем екен қайсыңды.
Жүрегім ғой, бүлкілдеген қызығым,
Тентегім-ай, тебегеншіл бұзығым.
Көп қызықтың баянын бер жан Аллам,
Болмасын тек, бояу сіңді ізі мұң.
Тəңірімнің мырзалығы бұл деген,
Бақытты екен, осы қазір кім менен.
Таң болды ғой тамаша бір шаттанған,
Күліп-ойнап, бақыт терген іргеден.
* * *
Рақым қыл жан Алла, біздің мынау жүріске,
Қайда барып қара өлеңді айтармыз,
Таңдай құрғап, тіл іссе.
Рақым қыл жан Алла, сарсаң кесек санамыз,
Қайда барып қара өлеңді айтармыз,
Сана сарсаң, сақауланып барамыз.
Рақым қыл жан Алла, өксігі көп өмірміз,
Қайда барып қара өлеңді айтармыз,
Жаңбырлымыз, жаннан ада көңіл мұз.
Рақым қыл жан Алла, құлың нұрға зарықты,
Қайда барып қара өлеңді айтармыз,
Шаранамыз.., ая біздей ғаріпті.
* * *
Жарасынан қан бүркіп,
Жанарынан жан бүркіп,
Ескі тарих, қу мола,
Қу далада қалды іркіп.
Шашылған-ды сан ғасыр,
Айтып түн мен таңға сыр.
Түгел тылсым төрт құбыла,
Бітті тас пен талға тіл.
Бəрі сыңсып сырласты,
Қаңбақ болып жыр қашты.
Қан-қан болған көрсетті,
Көр ішінен мың басты.
Түпсіз екен қайғыңыз,
Шырақ қылды айды күз.
Қонып қалдық дұға ғып,
Мекен етіп сайды біз.





Пікір жазу