08.05.2022
  131


Автор: Сабыр Адай

Қалам

Парақты аппақ сырлаған,
Армысыз қара қыл қалам.
Жақсыға бақса: парыз-ды,
Жаманға бақса: арыз-ды.
Сүймесіңді сүйдірген,
Күймесіңді күйдірген,
Иманды жазса таң қылған,
Имансыз жазса қан қылған,
(Дүниені шаң қылған)
Қаламның күші пірден-ді,
Қайырсыз болса зілден-ді.
Қаламға жолдас ой ғана,
Қаламмен халқым ойнама!
Жеткізер қалам күніңе,
Жетеді тағы түбіңе.
Қылпыған алмас қылышым,
Тəңірден тіле дұрысын.
Ғаламға қалам тірек-ті,
Ұстасын иман-жүректі.
* * *
Ақ сəуле күннен нəр алдың,
Ақ гүлмін дейсің адалмын.
Астында қалып табанның,
Гүл болып неге жаралдың?..
Табандар таптап құлшынды,
Құтқарам қалай бір Сізді.
Жамағат кешіп барады,
Жаралған нұрдан кірсізді.
Сұлулық жатыр құрбан боп,
Жаралған тегі нұрдан боп.
Екі табан, бір бас-ты,
Жоқ екен сірə құлдан көп.
Құлқынның қамы айдаған,
Қу тірлік сендік қайда мəн?.
Гүл түгіл, гүлзар бақша жоқ,
Бұлбұлы кеше сайраған.
* * *
Қақ жарылған қақпа көрдім аспаннан,
Даңғыл жолы күн нұрынан басталған.
Қанат байлап ұшқым келді амал жоқ,
Тірлік атты босамадым шатқалдан.
Қарай бердім, қақпасына зеңгірдің,
Тебірендім, телмеңдедім, телмірдім.
Сағым мініп сар жүріске түстім де,
Қош айтысты қоңыр дала, тең-құрбым.
Содан бері жүріп келем тынбадым,
Тұсау салсын, ессіз өлең, жырға кім.
Боз жусан мен бал құраққа сыр айтып,
Бозторғайды боз далада тыңдадым.
Қақпа көрдім, ашылмады, ашпады,
Күннен шалғай, айдан алыс тастады.
Ай далада құшып жүрмін мен əлі,
Өлең деген өлімі жоқ қасқаны.





Пікір жазу