08.05.2022
  150


Автор: Сабыр Адай

Бүлгін.

Бір ит үрсе екеу болар бөрлігіп,
Талтаңдайды тұрған жерін төр біліп.
Сосын бəрі шулап кетер бір кезде,
Ит-бүлгінге ауыл алған көндігіп.
Төрт аяғын қадап үріп табандай,
Жатып үрер, тұрып үрер жақ алмай.
Көрмесе де үріп қалу міндеті,
Білмесе де сөз айтатын надандай.
Өліп болдық ит балағат өсектен,
Кімдер екен итті сонша өш еткен.
Бір ауылға керек екен бір қасқыр,
Ит үргінсіз тұру үшін төсектен.
* * *
Ақ сойыл болған жол екен, сүйреткен сансыз табандар,
Ақ тозғын шаңға қараңдар.
Айықпас дертке шалдыққан заманның жүзі салыңқы,
Адамның жауы надандар.
Ақ сағым толқып кемедей, желкенін керіп ығысты,
Айласы құрып құнысты.
Асқанға тосқан жолығар, жыртық үйге бір Алла,
Сақтасын ұлт пен ұлысты.
Есте жоқ ескі жол екен, бастауы мұның көрінбес,
Өлім – нүкте, өмір – көш.
Өз дегені болмаса, адамның жаны бүлікшіл,
Жын мен жырғал көңілдес.
Жол жатыр ескі табанда, кезерген қыр мен төбешік,
Ескі күмбез, көк есік.
Қорымның тілі байлаулы, құлпытас құлап қалыпты,
Ескегін елдің көп есіп.
* * *
Тобылғы күрең торы ат тұр,
Бал құрақ, майса қолат қыр.
Батар да күннің жаулығы,
Ақ тауымды орап тұр.
Ал күрең сəуле қызыл-ды,
Айтпай-ақ көңіл бұзылды.
Күрең де
Ақ бас тауларым,
Ақ бұлттар сүйді жүзіңді.
Аспанның көркі ақ торғын,
Ауылдан кеттім жат болдым.
Қала деген қара тас,
Қамаулы үйге тап болдым.
Көкті сүйген күреңмін,
Ақ бас тау неге шірендің.
Тар бөлмеде ту ұстап,
Өзімше жатқан бір елмін.
* * *
Қағанатсыз қаған бұл,
Маған қайғы, саған жыр.
Күйек-қошқар секілді,
Заңы зая заман бұл.
Мекіреніп артылмақ,
Кəрі қошқар қалтылдап.
Тұсақ біткен алыпты,
Құйрықтарын алтындап.
Қозылайтын түрі жоқ,
Үміт етіп жүріп ек.
Өсіп жатыр өзге отар,
Көктеменің күні кеп.
Айналасы көп тұсақ,
Алтын құйрық, от құшақ.
Кейде қошқар кетеді,
Отарымен жоқ құсап.
* * *
Күз жасырып сарғаяды сырқатын,
Қыс күтіп-ақ қылыш ұстап тұр сəтін.
Мылтық аузын қандамаған аңшының,
Ашуындай бұрқасын.
Соқты солай терістіктен бір дабыл,
Мезгіл ауды, соқтығысып жылға жыл.
Төс сүйегі тасқа тиген бүркіттей,
Қапы жалған бұл да бір.
Құйын есіп
Айды іздеп жүр түнгі.
Мені көріп іркілді.
Күз тамырын ұстап едім емшідей,
Үш ай тоқсан!.. Болашағы бір түрлі.
* * *
Құлан қашса, мылтықтың басуымын,
Құлама құз, шыңдардың асуымын.
Күзем алған шаруаның шаттығындай,
Алғауы жоқ көңілдің тасуымын.
Құшағыма еніп көр, еркелегін,
Өбінсем, өбектесем өртер едім.
Онымен тілдесуге шамаң бар ма,
Қолыңа жүрегімді берсем елім.





Пікір жазу