08.05.2022
  171


Автор: Сабыр Адай

Жолаушының ойы

І
Қақ жарып қара түнді шырақтары,
Ақ қала алыс қалды, жырақтады.
Жалғаған жез бұйдасын бір-біріне,
Бағаналар еріп жүр бірақ-тағы.
Кері толғап саранау сары қырат,
Мұнаралар мұң айтты кəрі құлақ.
Көкірегін көк бұршақ тесіп кеткен,
Көгілжім тал иілді бəрі жылап.
Сол көрініс, сол əлгі терістігім,
Иелеп алған мынау өрісті кім?..
Сыңар аяқ сезіммен елге қайттым,
Жеке меншік бəрі де жер үстінің.
ІІ
Жолаушымын!..
Жол менің сырласым-ды,
Құйып тұр құймақ бұлттар жырға сырды.
Жаныма медет таппай жайсызданып,
Жартылай кешіп келем бір ғасырды.
Саудасын сарттан сұрап келіндер жүр,
Боз шилан бос жүрістен желіндеп жүр.
Төменде төрт құбыланың бəрі құрдым,
Төрдегілер несіне «Елім» – деп жүр.
Түн қарынын таң жарып қанжарлады,
(Шəйға жұмсап кемпірін шалдар жағы.)
Атқан таңым қайтадан батты сосын,
Дүниенің қып-қызыл қан бармағы.
Темір жолдың тел тарап қос бұрымын,
Жол жүріп келем міне жоқ тынымым.
Əр төбенің тұсынан шырақ жағып,
Қол бұлғап қалып жатыр отты күнім.
* * *
Жастар қайда!?..
Аппақ жалын, ақ жалын,
Шүкір етпес барға кім!?
Жас дегенің – жасыл бақша екен ғой,
Бірі үміт, бірі асқақ арманым!
Жүздерін-ай,
Ай қарығып, күн күлген,
Сəулелі өмір сүрдім мен.
Жас дегенің – аппақ ту ғой, аппақ шың,
Шың басында жүрмін мен.
Көздерін-ай,
Бар жұлдыздың баяны,
Кіл періште саялы.
Күнді алып бер, жарық керек оларға,
Жапырағын осы қазір жаяды.





Пікір жазу