Құрманғазы
Ей, Көшеке1,
Бұл Құрекең2 біздің елді сай көрген,
Жыл жайлаған, апта жатқан, ай көрген.
Анау Отпан, мынау тұрған Ман-Ата,
Қарасаң да бой көрсетер қай белден.
Қаратау тұр қара түнге шам іліп,
Бұлттар көшті жанығып.
Ай күледі аппақ шəлі жамылып,
Ай бетінде сұлу ноқат, қара мең,
Қандай тойға бара жатыр малынып.
Ай менен Күн көшкен бұлтқа еріп жүр,
«Адай»-күйін тартып бер» – деп жалынып.
Ентігеді етегіне шалынып.
Бұл не деген сиқырлы саз мəңгілік,
Санаң жетсе ал ұғып!..
Ай күледі: Құрекеңді білем деп,
Айтпай оны жүр ем деп.
Күй дегенің көк аспан мен тылсым ғой,
Құс сайрады күйге біткен тіл ем деп.
Құрекеңді
Ай менен Күн бермеді,
Қалай қалқам күйсіз өмір сүрем деп.
Көкте сосын көк найзағай ойнады,
Жалын шашты, от бүрікті, тойлады.
Ақша бұлттар күміс сақал желбіреп,
Бір тылсымға бойлады.
Сосын бұлттар Құрекең боп, құрсанды.
Аспан жақтан шал көрінді бір сəнді.
Күйдің аты: «Адай» болсын» – деп қойды,
Ел еді деп ұлтанды.
Ақ жаңбыр боп, ақ нөсер боп телегей,
1 Көшекең –
К.Байғазыұлы. 2 Құрекең – Құрманғазы Сағырбайұлы. (Ақтау қаласының орталық
алаңына Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіш-мүсіні орнатылды. Мүсінші: Көшер Байғазыұлы ағамыз)
Күй төгілді жебедей.
Содан бері «Адай» – күйі көшіп жүр,
Нұх Пайғамбар тастап кеткен кемедей.
Нұр төгілген, жыр төгілген кеме жүр,
Күй сазына көңіліңді бере жүр.
Құрманғазы «Адай» –күйін селдетті,
Күй болмаса неге жүр!?
Жасындардан жаралған ғой,
Осы бір күй оттан-ды.
Күй балқытып көк жүзінен от тамды.
Жұлдыз қылып тағып алды қара түн,
Біздің күйден шашыраған шоқтарды.
Ай күледі: Құрекеңді көрдім деп,
Күн күледі: Осы күйге шөлмін деп.
Жай түсті де жасын жерге құлады,
Кесір күймен кескілесіп өлдім деп.
Жел жемсенді адырнасы мөңіреп,
Тегі нұрдан, көкті сүйген өңір ек.
Бəрі бірдей күйге айналып кетіпті,
Өңкей ерге сайғақ қадап көміп ек.
Дұға қылып тау жүгініп талықты,
Тау тілегін жан ұқты.
Ей, Көшеке,
Құрекеңді есіне сап еліңнің,
Ояттың ба алыпты!?..
Көк төрінде көк найзағай –
Біздің күйдің дабылы.
Наркескендер найзағайдың жарығы.
Жеті қат көк еншіңізге тисе де,
Құтылмайсың!.. Сол бір күйдің бар үні.
«Адай», «Адай»-күйдің аты, сол, «Адай» –
Күн көтерген көк аспан, тау көтерген Толағай!
Жарқыратып арасынан мың күйдің,
Сəулесіне алып кетті орап ай!
Біздер қалдық көкке қарап қол жайып,
Қара түнде шырақ жаққан моладай.
Өлі десең – ұшқан жанбыз көктегі,
Тірі десең – бір қамалмыз шеттегі.
«Адай»-күйі ен Алаштың ерлігі,
Ерлік деген – елдігіңнің мектебі.
Күймен бірге
Көкке кеткен нұр болып –
Күйден туған халқым қандай текті еді!..