08.05.2022
154
Достар
Есігімді қағып тұрған періштем,
Сен дегенде көкіректе өріс кең.
Сен боп келіп еркелейді достарым,
Тай-құлындай тебіскен.
Босағамнан қыдыр кетпей шалқыдым,
Достарыммен күлкім күміс, бал шырын.
Кем жерімді кешіріммен толтырып,
Елемеген артығын.
Есігімді періштелер қағып тұр,
Төрелесіп, төрге шықпай нағып тұр.
Дос көңілі мейірім мен шапағат,
Қабағымды бағып тұр.
Қарыздармын тең-құрбыға, достарға.
Қарамаған жетер-жетпес, жоқ барға.
Дос қадірін қайдан білсін долы жан,
Өз-өзіне тоқ қарға.