08.05.2022
  156


Автор: Сабыр Адай

Заманыңа тік қара

Үргектейсің, тірек таппай сен неге,
Кімге барып тығыламын мен деме.
Заңды біл де, заманыңа тік қара,
Жерге қарау жеңіс емес пендеге.
Білгендерден біліміңді артық қыл,
Өз орныңа тартып кір.
Өзін-өзі қорғамайтын халықтың,
Несібесін ит пенен құс қарпып тұр.
Қорғансызды басып-жаншып бастайды,
Бір-бір құзғын қолтыққа сап жастайды.
Ең соңында ел болмасын бұлар деп,
Санасының көзін ойып тастайды.
* * *
Ай көрінбес, күн көрінбес түн басты,
Тасқа ұрып, тауға ұрып бір басты.
Айдын көлдің еңсесінен қыр басты,
Төбе біткен түнмен үнсіз жымдасты.
Тау мүжіліп, еміс-еміс бұлдырап,
Бір шалғайдан жетім бұлақ тұр жылап.
Тал иілді тасқа басын ұрғылап,
Көк жапырақ аша мойын құр құлақ.
Қара түннің қарашығы еңсер-ді,
Қара жер де қалыбында теңселді.
Жанға серік жан бар еді құшақтап,
Тас түнектен қорғаштадым еркемді.
Құшақтай түс..,
Қалқам мені сен де енді!..
* * *
Таныс көше, тар көшелер талаңғыр,
Кеңдік болмас саған бір.
Батпақтардан бас көтеріп тұра алмай,
Екі етек, бір жаға мен заман жүр.
Бағаналар бəрі таныс үңілді,
Алмақ менен бір үлгі.
Мен байғұс та білмей келгем қай тұсқа,
Қойсам екен жүгімді.
Шал болыпты анау ағам ер еді,
Бір ауылдың сүйеніші, терегі.
Қаласынан моласы көп мекен бұл,
Жолға шықсаң қабаттасып ереді.
Сонау аула мына кемпір жеңешем,
Енді бұған не десем?!..
Аққу еді, сыры да жоқ, сыны да –
Енді сені қандай құсқа теңесем!?
...Жеңешем!
Қайран өмір болар екен не десем!?..
* * *
Өмір сенің қойыныңда мұз бар-ды,
Содан, міне, сыз қалды.
Мен сезбейді деп жүрсің бе қарағым,
Қыраулаған, жылаулы аран ызғарды.
Дірілдесем сен тоңасың үнсізбін,
Қытығыма тиіп-ақ жүр қырсыз күн.
Өмір деген сен іздеген осы ма,
Тілдемеймін, тəубе еттім, мұңсызбын.
Не бітеді мұң айтқанда мұңдыға,
Екі жылау, бір бұла.
Көз жасыңды неде болса көрмесін,
Ұраншылдау ұл мына!
* * *
Мың жыл өтер, сосын тағы сан ғасыр,
Өмір жұмбақ, тау да тұнжыр, тал да сыр.
Мағынасы жоққа айналған тірлікте,
Жоқтан басқа бар ма сыр?!
Сен де жоқсың, мен де жоқпын, жоқ болған,
Бір атылған оқ болған.
Аққу өлді айдын қалды көрдің бе!?
...Күлді қарға, ол сол күні тоқ болған.
* * *
Тау екенсің, биік екен, тұлғаңыз,
Біздің жүрек жыр қабыз.
Қабыздадым, қауызынан жыр көрдім,
Таң нұрымен сырлаңыз.
Тау екенсің таңның емген үрпісін,
Көрдіңіз бе аппақ уыз жыр түсін.
Жүрегіммен келем саған арқалап,
Осы жырды ұлт үшін.
Тау екенсің бұлағың көп, бұлтың аз,
Өлеңімнің іші жалын, сырты наз.
Тыңдамауға шебер бəрі шетінен,
Сөз тыңдайтын жұртым аз.
Тау екенсің көпті көріп, күрсінген,
Жырлап берем саған келіп бір күн мен.
Аспан жақтан ай көрінді, түн бе бұл,
Тау басында тұрғам шығар кім білген!?..
* * *
Əлем сенің жүзің неткен жылтырақ,
Лақтайсың секеңдеген шымқып ап.
Көрінгенге ере түсіп маңырап,
Сөзіңде жоқ бір тұрақ.
Сен білесің, не сұмдықты жасырын,
Бүк түсті ме асығың?!
Жүрегіңнің сүртіп алып көз жасын,
Қалтырадың, дірілдедің, жасыдың.
Білдірмейсің күнің жақын құрықты,
Бірақ оны кім ұқты?!
От үстінде ойын ойнап, базарлап,
Ындын-құрдым дүниеге құнықты.
Қайда барып мəн табасың, күңгіртсің,
Ғасыр өтіп бара жатыр сырғып күн.
Қан тамбаған жері бар ма зорлықсыз,
Қабағында құрлықтың.
* * *
Ой-хой, шіркін, бұл енді төбет болды,
Білмеймін кімнен қандай көмек болды.
Қасқыр алып жарытпас енді, əрине,
Дегенмен күшігінен бөлек болды.
Күшігінде тістейтін балағыңнан,
Мұндайға сөзің шығын, сана құрбан.
Тфə!.. Тфə!.. Құрығыр көзіңді аудар,
Иттерден хабары жоқ қарағымнан.
Бұл өзі қарамайды ақ-қараға,
Сақ болғын, саққұлақтан қасқа бала.
Сөз айтып түсіндіріп əлек болма,
Тоқтайды сүйек пенен асқа ғана.
Иттен де озар-кетер дəуір дейді,
Өмірін қаңтар қажап, сəуір жейді.
Көк төбет өле қалса біз бармыз деп,
Шəлекей «шəкірттері» шəуілдейді.





Пікір жазу