08.05.2022
  144


Автор: Сабыр Адай

Тығыларда тау түседі есіне

Сөз обалын жүрек білмес құлақсыз,
Ер обалын елі білмес құлықсыз.
Шыңды құшар қар жамылған жылап құз,
Тау жағдайын біз сұрамас, бұзықпыз.
Тығыларда тау түседі есіне,
Шөлдегенде бұлақ қайда деп сұрар.
Пендеміз ғой жасырамыз несіне,
Құзды қажап, шыңды шырғап жеп тынар.
Құс болсаң да Алла қабыл еткен күн,
Талап бітсе, қанат бітсе самғайсың.
Төбе көрсең төбесіне тепкенсін,
Сен өзің де тау боп кете алмайсың.
Көңіл асса көлеңкесін жау көрер,
Аз ақылын шыртылдатып түкірмек.
Түлен түртіп төрт жағынан дау берер,
Бір қанағат қылмай кетер «Шүкір!..» – деп.
Тау қорқады бізді көрсе қашқақтап,
Дау қорқады бізді көрсе дірілдеп.
Пенде кетіп бара жатыр асқақтап,
Ниетінің екі көзі іріңдеп.





Пікір жазу