08.05.2022
  121


Автор: Сабыр Адай

Уақыт пен бақыт кімдікі?

Су астына ау құрған,
Су үстіне тау құрған,
Түленге табан тіреген,
Теріңді тұзбен іреген,
Желкеңе мініп түлеген,
Түлкі құйрық қарсақтай,
Жымиған жуас күлеген,
Қолында кімнің дүние!?..
Қолында кімнің дүние?!..
ІІ
...Уақытты да,
Бақытты да иелеп,
Дүниені күйе жеп,
Аярлардың аспан бетте тұрағы,
Шындық жатыр үйелеп.
Төбе құрбан, тау құрбан,
Мүддесіне жау бұрған.
Мəнсіз əлем,
Заңшыл əлем,
Зорлықшыл,
Біз шаршадық қарарың мен қаулыңнан!
Сол бір арна, сол ағын.
Сен сергелдең, мен пұшайман боламын.
Ғылымменен уақытты да тоқтатып,
Қол жетпейді деп жүргенде жоққа түк,
Оқсатып:
Бір мезгілде Өткен.., Бүгін.., Ертеңнің..,
Кілтін алып кетпесін де Соларың!..





Пікір жазу