Ескі қазық
Ойылған көздің жасы дүр,
Ой жеген ердің басы бұл.
Қашаған1 айтқан асылдың –
«Өл-тіріде бəсі бір»
Көшкен жұртта қазық тұр,
Көргенін жерге жазып тұр.
Іздеген жанға мың дерек,
Із кескен жанға азық бұл.
Ат байлады кім келді,
Үнсіз... бəле тілден-ді.
Қазыққа қатқан қан көрдім,
Кім екен шапқан іргемді!?
Қайғыдан қазық талғандай,
Үзілген арқау жалғанбай.
Қадалып жерге қазық тұр,
Жүрекке қанжар салғандай.
1 Қашаған – Қашаған жырау.
* * *
Ғапыл көрдім айтарының бəрі нық,
Күрсінеді ақиқатқа шағынып.
Көз алдымнан өмір өтті дастан боп,
Шексіз арман, ақ үміт.
Ғапыл көрдім сағым сынды шілдеде,
Өмір сүрмек, кім, неге?!
Неге жүрміз не бітірдік, не бітпек,
Өлім шындық, өмір түспен бірге ме!?
Бар шындықтың сол қазығы ақырғы,
Жалғаншыңыз ғапыл-ды.
Сүйіп үлгер құлға құлша құшақ аш,
Алыс пенен жақынды.