08.05.2022
  162


Автор: Сабыр Адай

Ел ауғанда

Заманға салсаң зар асау.
(Қаңтарға салсаң қар асау)
Қобылап мыстан жасаған,
Барсың ба Балқан, Қаратау!
Асаулы көңіл тұсаулы,
Төбемнен төстеп құс ауды.
Сəскелік тұста сəнді едім,
Мəн кетіп міне түс ауды.
Ақшамның жүзі қызыл-ды,
Іріді сүттей бұзылды.
Тұрмыстың қамы езгілеп,
Мойынға тұмар тұз ілді.
Балқан да, Балқан, Балқан-ай,
Күн кештік кеше əрқалай.
Қаратау көсік шайнады,
Қара жау қылыш сайлап-ай.
Найзамен жығып орданы,
Жау жаланып торлады.
Ман-Атасын тербеткен
Маңғыстауды қорлады.
Кебенек киген өлең бұл,
Бастасам екен неден жыр.
Қаратау басы қара бұлт,
Бауырын шықтап не деп жүр?!
Қаратау қардың тұтқыны,
Ұланы болсаң ұқ мұны.
Қан сиіп көзден тұрмасын,
Жасқа айналып шық түбі.
Ай сəулесін тыныс қып,
Ел ауып бір кез жылыстық.
Көзіңнен заман жас сауар,
Еліңнен кетсе тыныштық.





Пікір жазу