08.05.2022
174
Ұмытты ұлты
Жамандар жолдан жалтарсын,
Азамат ерге артар сын.
Шыдамай айтқан шындықтан,
Шыдатпас қайғы тартарсың.
Сананы уайым билейді,
Қолыңа шындық тимейді.
Жағасы жайлау өтірік,
Өлсең де мойын имейді.
Ақиқат іздеп өлгендер,
Жүрегін турап бөлгендер.
От ішінен бақ іздеп,
Өздерін-өзі көмгендер.
Құлпытас дұға сұрады,
Моласы мүлгіп жылады.
Ақынның аппақ есімі,
Қапа-қара таста тұр əні.
Қалжырап қасқа талыпты,
Құлапты құшып табытты.
«Елім» – деп шауып жүретін,
Ертерек кетіп қалыпты.
Шаршатты дала, жол жүгі,
Аядым аңғал сорлыны.
«Ұлтым» деп өлген бейбақты,
Ұмытты ұлты сол күні.
(Білмейді бірақ, Ол мұны)