08.05.2022
  153


Автор: Сабыр Адай

Алтықұлаш

Аспан да есеп, жер есеп,
Ел санаулы, ер есеп.
Алтықұлаш Əулием,
Есебі Хақтан – берекет!
Жалбарынбас құл бар ма!?
Жаратқан Ием тұр жанда.
Алладан бұйрық болмаса,
Əулие жатпас бұл маңда!
Құл шығар қайыр еселі,
Ел айтпас бекер деседі.
Əулие жатса іргеңде,
Алланың қалау-есебі.
Құбыла іздеп құла құл,
Дəстүр мен салтты мұра қыл.


Алладан жалғыз бақ тілеп,
Əруақтарға дұға қыл.
* * *
Жүрек – гүлім,
Тілек – шырын, сыр – жалын.
Бал-шырыннан жасап алған жыр да мұң.
Түн бақшаның жұлдыздарын жайнаттым,
Сорым егіз, бір бағым.
...Жырларым!
Шырын жақтым езуіме, ерінге,
Кербез əлем керіл ме.
Табан етін бабалардың жастандым,
Сонау тамшы сорғалаған терің бе!?
Бабаларым бақ-тілектің арнасы,
Біздің тұрақ құз бен құлау, жар басы.
Жүрегіме қонақ қылдым бəріңді,
Бұл ниеттің бірақ қанша бар бəсі?..
Өгіз өлді,
Енді сынбақ арбасы.
* * *
Адамзаттың санасында
у бар-ды,
Ие болып қу қалды.
Ескі құрлық, жаңа құрлық бір құрлық,
Қолдарында таңбасы жоқ ту қалды.
Жады шалыс, ал санасы алжыған,
Қан-қан əлем қанжығаң.
Батар күн мен атар таңның құрбаны,
Айтатының жалғыз əн.


Таңнан кешке, кештен таңға сырғанап,
Жолың тұман шырғал-ақ.
Аманат жан кеудеңізден шығарда,
Дүниеге үлгересің бір қарап.





Пікір жазу