08.05.2022
  347


Автор: Сабыр Адай

Ай мен көл

Көктем өткен,
Көгілдір көл жайғасқан,
Елшілікке жіберіпті айды аспан.
Көл мен айдың бір табысып тағдыры,
Уəде беріп байласқан.
Ішіп алған ай сұлудың жанарын,
Көлдің қара көзайым көк қабағын.
Ай бейшара неғылғалы жүр екен,
Қара жердің қанға бөккен танабын.
Есі кетіп сүйіп жатыр көл бетін,
Құдай басқа айдың күнін бермесін.
Не дейсің бұл сүйген көңіл, дерттіге,
Көкті тастап бір көлшікке келгесін.
Солай қалқам сезім деген соқыр-ды,
Көрмейді ол қазулы көр, отыңды.
Естімейді не десеңде өзің біл,
Елемейді қағида мен сотыңды.
Ғашықтардың сезіп жатыр жайын кім!?
Жүрек жасы шырынындай қайыңның.
Көп жұлдызды көрмей келген ғарыштан,
Күшті болсаң айды көлден айырғын.
Жасай берсін!.. Жанның ізгі сезімі.
Махаббаттың бар өзгеше, өз үні.
Шөлмек сынды жайрап өлер əп-сəтте,
Жеткен күні ажалы мен төзімі.
Біздің көңіл көл секілді ай қайда!?
Не бұйырса, сол қонады маңдайға.
Тағдыр деген пішулі тон əу баста,
Бұйрық болса су ішінде жанбай ма!?
Ай жанып тұр ару көлдің ішінде,
Оған мейлі түсін оны түсін бе!?
Көл құрғаса, ай өледі ақырын,
Жаралған ғой бірге өлу үшінде.
Көл жылады құрғайтынын білгесін,
Ай жылады тағарсың деп кімге сын.
Екі ғашық аймаласты, сүйісті,
Қара түнмен қымтап алып іргесін.
* * *
Шыңыраудан шыңғырды,
Сүйегін санап сындырды.
Көр қылып көзін ойдырды,
Төр құрып көрге қойдырды.
Төлежіп төбе, қыр мұңды
Аяғын топтап байлады.
Асырмақ болып айдады
Итжеккенге бұл жырды.
Төбесінен ұрдырды.
Отқа да салып өртеді,
Суға да салып батырды,
Өлмейтін бұл да құрғыр-ды.
Құшақтап əне тұр күнді.
Жез киік жырым шұбырды,
Жел айдап қайта бұрылды.
Алқымында арыстан,
Желкесінде жолбарыс,
Бұл өлең неткен ғұмырлы.
Сексеуілдей сіңірлі.
Апан да сүрлеу, ор қабақ.
Айықпас дерттей торламақ.
Заманның көзі шел еді,
Қазақ пен өлең келеді,
Шекеден қаны сорғалап.
Əділдік қашан орнамақ!?..
* * *
Елгезегім, елігім-ау, еркешім,
Таңнан ала, жаннан нала шертесің.
Ащы дəмін татқан сайын өмірдің,
Қонағысың өзің жатқан төріңнің.
Өз босағаң қимастықпен қарар-ды,
Баба кетті, бала келді жаңарды.
Жолаушысың өз отыңды сүйе біл,
Жан Тəңірлік, тек, тəніне ие құл.
* * *
Сол ауылда баба тірлік, бал ғұмыр,
Құшағына алды іңір.
Ауыл көшті, азынаған құм қалды,
Сосын тағы жалғыз ұл.
Бір сағыныш ауыл көрсем дірілдер,
Саған мəлім сырым дер.
Бесігімнің қоңырауын жел қағып,
Келді қайтып бір ұл дер.


Ауыл еді аңқылдаған ақ тілек,
Аңқасынан шағыл көшіп жатты кеп.
Құлындарым құрсағымнан шыға сап,
Қала жаққа қашты деп.
Қара торғай қайдағыны жыр қылды,
Түсінеді кім мұңды.
Сол торғайдан үйреніп ем бір кезде,
Өлең деген құрғырды.





Пікір жазу