Ерейменнен ауған құландар
Маңдайыма ақыры солай тағдыр жазды Алла,
(Мекен іздеп жеріне қайтады ғой қаздар да!..)
Мұхиттардың төсінде мұзтөбедей сенделген,
О, Ереймен даласы!
Рухым бір сендермен!
Мынау байтақ өлкеден тұман ауды сан мың жыл,
Құлан ауды сан мың жыл!
Мынау шаһит даланың сорындай боп ең соңғы,
Ымырттағы үнсіздік басады ылғи еңсемді.
Сырғып көшкен сағымға жоталардың еті өлген,
Адырлары аңырап, қыраттары жөтелген.
Дала!
Сенің даңқыңды жырлап мен де тауыса алман,
Тұрады өзі бұл ғұмыр – жоғалту мен аңсаудан...
Құлагердің қапыда қаны тамған ұлы аңғар,
Қасіретіңді тек қана түсінеді құландар.
Уа, құландар!
Қуғында жебе осқан арқасын,
Шақырады шалғайдан Ерейменнің әр тасы.
Қарашаның желінде қызыл қаны тамшылап,
Сені жасқап қала алмас Батыраштың балтасы...
Мезгіл уы маңдайын мың елеске бояған,
Мың бір түрлі жазмышын дұшпаны да аяған.
Мен де ауған өзіңнің құланыңмын,
Жондар-ау,
Қалайыншы қасында шақырмаңдар, жолдар-ау!
Құлагерім – пырағым,
Сусызға біткен құрағым!
«Қарға жүнді қандасым,
Үйрек жүнді оттасым!»
Уа, Ереймен, елдесім!
Еңіреп туған шерлесім!
Жатсына көрме мені де, желігіп жүрген көп дұшпан,
Көзімнің жасын көрмесін!
Мендік шерді жалғанда жырлап мүлде тауыса алман,
Тұрады өзі бұл ғұмыр – жоғалту мен аңсаудан...
Сол үйірден едім мен,
Жебе осқан арқасын,
Шақырады шалғайдан Ерейменнің әр тасы.
Қарашаның желінде қызыл қаны тамшылап,
Жасқап бірақ қала алмас Батыраштың балтасы...