Аспанда жеті қаз
Бөлмемді кезіп жүр ескі елес –
Есте жоқ жылдардан жұлынған қауырсын,
(Оны еске ап бір мезет бұл жүрек ауырсын...)
Ұлы бір тыныштық үстінде ұйықтайды сәбиім,
Еңсемді басады есуас ауыр түн.
Сен келіп басымнан сыйпардай елеңдеп,
Өкініш иірімі тартады тереңге...
Өткінші жаңбырлар жуған сол бейнеңді,
Жұлдыздар жасымен көшірем өлеңге.
Мың тарау жолдарым,
Бәрі үрей, бәрі үміт,
Опық жеп отырмын обадай сарылып.
...Өзінен түңілген ғасыр тұр алдымда,
Ақ кебін жамылып...
Үш көктем аунады...
Үмітін пақырдың үрейге матаған,
Оны енді құмарлық сезім деп атаман!
Күтуде алдымда күңіренген ұшақтар,
Күтуде Қособам...
Қайсыбір қыспақта қасымда сен едің,
О, менің өлімге қимайтын өлеңім!
Әуелеп ұшады аспанда жеті қаз,
Біреуі мен едім...
Қым-қиғаш тірліктің қырсығы арқамда,
Түн өзі жұбатар түсіріп сарпаңға.
...Көршілес кейуана кемпірдің мысығы,
Жылайды балконда.
Түсім де, кешім де, түнім де қамырық,
Секундтар мызғайды қадамнан жаңылып.
...Өзінен түңілген уақыт тұр алдымда,
Ақ кебін жамылып...