07.05.2022
  111


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Намазшам

Кешкі қырдың иегінен турап өтіп жол – қанжар,
Лашығыма қонақтайды күзгі үнсіз ормандар.
Пері қыздың сәлеміндей талып жеткен ғайыптан,
Балықшы шал сыбызғысын сыңсытады қайықтан.
Күн батысқа барып сіңген керуендер күмбірін,
Төгіп-шашпай жұтып алар тәубасы жоқ түнгі құм.
Шоқылардың қабағына бір кірбеңдік құйылып,
Таулар ары аунап түсер Бір Иеге сыйынып.
Тас ошақта жанған оттан сезіп бақыт жылуын,
Жасыл жаулық астарына түйіп екі бұрымын.
Ерінінде жұмбақ күбір...
Соғылып ой сеңіне,
Жарым отыр жамау салып шекпенімнің жеңіне.
Жарлы үйінің жалғыз торы шолағына құныққан,
Қартаң бөрі қорымға еніп, сығалайды ымырттан.
Шерлі ғазал ырғағымен үнін басып үрейдің,
Құжырамда шайырлармен сәждеге бас тіреймін.
Қасиетті құлшылыққа буынымды алдырып,
Тоқсан тоғыз тасбиыққа саусағымды талдырып.
Алла атына мадақ айтам!
Махшар күнгі серті үшін,
Жылуы үстем жүректерге көрінбейтін көркі үшін.
Күнәһарлар төккен қаннан көктеп шыққан гүлі үшін,
Жеті көкті жылуымен жадыратқан нұры үшін.
Алла атына мадақ айтам!
Марқа төлдей маңырап,
Зеңгір түннің жұлдыздары уысымда жамырап.
Шайырларға қол қусырып,
Жылытып һәм шығарып,
Тұрағым тұр дымқыл мүкке белін орап құлазып.
Рудаки жырларынан тәлім іздеп кешірек,
Беймаза кеш табанында екі иығыммен есінеп.
Құлағымда қалып қойған бала күнгі әлдидің,
Ырғағымен білте шамның түбінде ұзақ қалғимын.
Ертеңгі ұзақ сапарларға шығу үшін бел шешіп,
Оянамын іргедегі ит үнінен селт етіп.
Беймезгіл шақ...
Балағынан иісі аңқып ерменнің,
Түнделетіп лашығыма сәлем бере келген кім?
Кемсеңдеген көкжиектен күн қабағын болжап ап,
Тұрам сосын езуімнен мың бір сәлем сорғалап.
Бейтаныс жол сүйреп келген бейбаққа қол ұсынып,
Жан ұшырған қорқынышын қабағынан түсініп.
“Қаф” сүресін күбірлеймін, жүзімді иіп Меккеге,
Бесік артқан жолаушыны түйесінен түсіріп...





Пікір жазу