Баласағұн
Ұйытқысына айналған бұл ұлы шығыстың,
Киелі Кағбадай ежелгі қалам-ау!
Шу бойы шер жұтып, шулайды жағалау.
Қызарған реңі қанқұйлы қылмыстан,
Жеңілтек толқындар жиекке тырмысқан.
Ыстық күн аптабы,
Намысшыл нөсері,
Лаулаған отыңды қанша жыл көседі?
Жаңбырдай төбелеп Қоқанның жебесі,
Іргеңде сөгілген Парсының көбесі.
Тараздан түстікке жол алған,
Бұғра хан қосыны жеңіспен оралған.
Ысқырған уақыттың уысында ойнаған,
Шоң шаһар тірлігі қазандай қайнаған.
...Даурыққан құмарпаз,
Ызақор төбеттер,
Шамданшақ қошқарлар, қамыс бау себеттер...
Машынның фарфорын, Ұйғырдың жаңғағын,
Өзбектің өрігін, ақ ала дамбалын.
Тәңірінің жар болған қайырлы күнінде,
Керуен жолымен жеткізген Римге.
“Құтадғұ білік” деп көшпенді жырымен,
Бүгінге қалдырған Түркілер тілімен.
Жүсіптің кітабын мың жылға салмақтап,
Замандар оқиды Құрандай ардақтап.
Мақамнан жаңылған молдадай сәлделі,
Есінеп мүлгіген ғасырлар пәрмені.
Қашанда су ішкен құдығын ластаған,
Қасиетсіз Шүршіттер қиратып тастаған.
Келмеске кетіпті-ау!
Дәуренің сенің де,
Ой қамап отырмын керуен деңінде.
Қазақы болмыстың қағысқан қазығын,
Монғолдың әрине, жоқ бұған жазығы...
Сілеусін семсерін суытпай қырылысқан,
Кешігіп жетіпті “ауызы қан” Шыңғысхан.
Қақырай сөгілген зұлмат жыл тісінен,
О, Шығыс үйіндісі!
Мен сені түсінем.
Тапталған рухыңды іздеп бір табармын,
Бүрлеген адыраспан гүлінің ішінен!!!