07.05.2022
  137


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Бостандық берші, Ей, Уақыт

Ғайыптың күшімен еш ойға түспеген,
Фәни мен бақилық сапарлар үстінде.
Мен бір жұмақтай түс көрем:
Кеше, бүгінім, ертеңім –
Жазылған осынау қып-қысқа үш күнге.
...Мың жылдың алдында,
Тағы сол фәни мен бақилық сапарлар үстінде.
Бесігін боранға тербеткен тамызда,
Құлшылық ілімді құлшына уағыздап...
Иегі бозала шаң болған софылар,
Тылсымат ғылыммен гүлденген Отырар.
Көшпенді ұлдары сақалы қауғадай,
Әндетіп өтеді түйелі арбада.
Боз атан мойнында боздаған қоңырау,
Жіберші сол күнге,
Босатшы, өмір-ау!
Сауранның құмындай тағдырым қолымда,
Кенезем кепсінші, Самарқанд жолында.
Босатшы, тәуекел, жазмыштан көрейін,
Сақсырым сықырлап ордаға енейін.
Қараханид сұлуын естуші ем бұрыннан,
Жіберші, оған да жүрейін қырындап...
Тесілген қалқанға ұя сап құзғындар,
Саусағым ұшында ерісін мұз жылдар.
Ертектегі ерлерше қаңғып бір кетейін,
Есілде ес жинап, Ертістен өтейін.
Сүйегім қурасын төсінде даламның,
Обал жоқ,
Ол жаққа бар депті маған кім?!
Сол ұлы даланың даңқты халқы үшін,
Боз бие қанымен Хан алдында ант ішіп.
Жапырақша жусатып, жау шебін жапырып,
Сардарын састырып, аюдай ақырып!
...Жүрейін нөсерлі түндерде адасып,
Қарақшы тобының жыртайын жағасын...
...Қиялшаң өмірім,
Үмітшіл тағдырым,
Түк емес, ей, өмір,
Жасаған тарлығың!
Оралмас қайсы бір уақытқа елеңдеп,
Іздегем мен сені,
Іздегем өлеңнен...
Сұрыңнан қорқамын табыттай көнерген,
...Алты қаз тағы ұшып барады төбемнен...
Босатшы мені, ей, уақыт!





Пікір жазу