Елегізу
Сере сере, сере қар,
Сені күттім селкілдеп,
Күз бораны іргемді көтереді кеңкілдеп.
Сеңгіл тұман ішінде боз шудасы желкілдеп,
Боз жауында сонау-у-у жыл қалып қойған көшімнен.
Бозадырда жоғалған інген кірді түсіме,
Бір емшегі тесілген,
Тілерсегі кесілген...
Мынау мәңгүрт, меңіреу дүниені қарқ қып,
Бөз бұйдасын жұлқылап боздады-ау бір жарықтық!
Қарашада қар жауар, қармен бірге зар жауар,
Уа, Шығыс аспанын шулатпаңдар, қарғалар!
Көзім жасын көп ішкен мұңаясың жер неге,
Көшпенділер жебесі бата ма әлі кеудеңе?
Мына әлемге һәм адал ниетімдей бір ізгі,
Серіліктаудың басынан сыңсып жетті сыбызғы.
Бүгін саған дүние, белгісіздеу дерегім,
Алтай қолда тұрғанда Мен Мен едім, Мен едім.
«Басы сайран, түбі ойран» – дүние жолы кіл аңғар,
Тобылғы түбін босатып, неге ауады жыландар,
Толарсақтан тер қатып, неге ауады бұландар?
Мынау жансыз мезгілге сұрап тұрмын жан сауға,
Ат шалдырып қайтайын атам құны бар тауға.
Селдер жүрген бұлаққа жасым сығып қайтармын,
Бұлақ басы суалса басым сығып қайтармын.
Қарашада жауған қар тас бетінде ериді,
Тасқа туса тарлан боз табан күші кемиді...
Ақ тұмсығын күн шалған Аспан текті шайырдан,
Оңқай соққан құба жел!
О, құштарын айырман!
«Ақын симас табытқа» теріс біткен өлеңмен,
Түннің зілдей мүрдесін көтеріп ап келем мен...