07.05.2022
  209


Автор: Ұларбек Дәлейұлы

Әжемнің иісі

Кенеземде бір шөл бар қанбай жүрген,
Құрғыр-ау,
Жібімейді таңдай мүлдем.
Бал татыған зәмзәм да баса алмайды,
Кезі келсе шараппен алдаймын мен.
Кенеземде бір шөл бар қанбас мәңгі,
Медеу етем мен оған жазғы ақ таңды.
Амалым жоқ,
Келмеске бәрі кетіп,
Көңілімнің жайлауын қар басқан-ды.
Қатығын жеп Қазақтың кемпірінің,
Ержеткен ем астында елтірінің.
Туған далам тұнжырап қимай қалған,
Алыс жортқан алкеуде бөлтірігін.
Кенеземде бір шөл бар көптен жүрген,
Оның орны өмірден өшкен мүлдем.
Шаттығымның сөндіріп жалғыз шамын,
Мұңның желі іргемнен еппен кірген.
Сол мені кектендірген, кектендірген...
Осы шөлім қанбай жүр әлі күнге,
Таппайды емін бақсың да,
Тәңірің де.
Құпиясы тек қана бұл дертімнің,
Марқұм момын Әжемнің қабірінде...
* * *
Ой буып мен жайлы ғана,
Маңайлап ошақтың қасын.
Сағыныш шерін төктің бе, Ана,
«Ағарып мың құлаш шашың?!»
Тамсанып сүтіңнің дәмін,
Ойланам тағдырым жайлы.
Көрсем де мұңлықтың бәрін,
Дәл сендей сағына алмайды!
Арыма жақтым ба күйе,
Анау бір даңғаза шудан.
...Даңғаза өмірді сүйе,
Өзіңнен қан уыстап туғам.
Бүгінге үмітті жалғап,
Қолым да, жолым да күрмеу.
Тым алыс әкетті алдап,
Ескі үйден басталған сүрлеу.
Түсіріп уайымшыл күйге,
Жауа ма жаңбыры күздің.
Елесі келе ме үйге,
Мен сүйген бақилық қыздың...
Елсіз бір адырға түсіп,
Ұйықтаймын сертімді жастап.
...Бір күні жетермін ұшып,
Адасқан құстарды бастап...
Қаһары қатты бұл қыстың,
Құлазыр қаңтардың түні.
...Сен де ұзақ азапқа түстің,
Тым ұқсас Аналар мұңы.
Жатқанмен жолдарды құшып,
Сағыныш аспаны асқақ.
Бір күні жетермін ұшып,
Адасқан құстарды бастап...





Пікір жазу