07.05.2022
  166


Автор: Ғалым Бисембіұлы ӘРІП

Рухсана

Мен – қазақпын! Қазақ – менің ой-санам,
Жыр толғасам, қазағыма ой салам.
Қазақ десе, қайсармын мен, өжетпін,
Қазақ десе, қай жауыңнан тайсалам?!
Қазақ десе, жүрек жұтқан батыр мен,
Мен – қазақпын, қай халықтан хақым кем?!
Мынау жатқан шалқар дала көсілген,
Егіз дер ем қазақ атты атыммен.
Мен – қазақпын, қазақ менің есімім,
Қанға тарту, арға тарту-кесімім.
Ұлы Тұран, Түркістаным, Алтайым,
Мақтан етсем тарихымды несі мін?!
Мен ғашықпын туып-өскен еліме,
Орман-тауым, кәрі Каспий көліме.
Үш жүз алпыс әулиенің мекені


Маңғыстауым – қасиетті жеріме.
Беу жүрегім, толқындайын тулаған,
Бақыт үшін жаралған ғой бұл ғалам.
Елім десе өртенеді өзегім,
Елім десе, Күн секілді нұрланам.
Мен – Қазақпын! Жұбан солай жырлаған,
(Жұбағаңнан жайым жоқ сөз ұрлаған).
Мен тәуелсіз ғұмыр кешіп қоғамда,
Көңілімнен көшкен сынды мұң-налам.
Көңілім қош, бірақ жаным тағатсыз,
Көңілім қош, бодандықтан азатпыз.
Бірақ, мүлгіп ұлттық рух-санамыз,
Қарын қамын күйттеуліміз қазақ біз.
Елім деген ерің қайда ежелгі,
Найзалары қас-дұшпанға кезеулі.
Жемқорлықтың жемсауына жұтылған,
Рух өшкен, сана селкеу кез енді.
Ел қамынан ерек тұрса бас қамы,
Бұл қазақты нағыз қара басқаны.
Баба-жердің қазынасын бөлшектеп,
Кімге керек шірік байдың тасқаны.
Кімге керек бостан-босқа көлгірсу,
Ел байлығын шашып-төгіп еркінсу...
Ұлттық рух, санасы әсте көмескі,
Бұл қазақты оңай емес серпілту.
Қайрап өткен заманында Абай да,
Беу, қазағым, тозып кетпе, абайла.
Тілің, ділің, дінің менен дәстүрің,
Санамызға сіңу керек қалайда.
Босбелбеуге бұл пәниде кім сенер,
Батыр кеуде басты тігіп белсенер...
Рухымыз асқақ түсер әманда,
Елдік мүдде санамызда жүрсе егер!..
Осылайша әр жүрекке от қойдым,
Көңілім пәс, болса-дағы жоқ қайғым.
Оянса деп елдің рух, санасы,
Рухсана деп немереме ат қойдым.
Өсе берші, өркенім боп, Рухсана,
Мен өзіңді жырға қостым мақтана.
Елің менен жеріңді сүй, қарағым,
Атаңның бір ізгі үміті ақтала...





Пікір жазу