Бәйтерек
Желпитін секілденіп таң самалы,
Еске алдым ақ көңілді ақсақалды.
Ізеке, жатқан жерің жарық болсын,
Ел-жұртың сағынады жақсы адамды.
Мен мұндай қарияны бақ санадым,
Қылығы көп еді ғой тамсанатын.
Шетпеге анда-санда жол түскенде,
Баладай қалбалақтап қарсы алатын.
Хабарын ауыл-аймақ сұрастырып,
Мән-жәйға қанығатын сыр аштырып.
Шәй-суы Салиханың болғанша әзір,
Картаға кірісуші ек құлашты ұрып.
Мұндайда жандар да көп тап келетін,
Мамай жездем екеуі мәп келетін.
Ойында көп ұтыла бермеуші еді,
Шалдарым әр ісіне сақ келетін.
Жан еді әр адамның жанын ұққан,
Кәнігі сауда ісінің мәнін ұққан.
Ізекең Таушықта басшы болып,
Саудада сардар еді аты шыққан.
Тауардың болса-дағы тапшылығы,
Қоғамның жарылқауға қарсылығы,
Тәртіптің тым қаталдау кезінде де,
Жақсының аз болмаған жақсылығы.
Өмірдің мектебінен дайындалған,
Жан еді мәрттігімен мойындалған.
Баяғы тектілердің тұяғы еді,
Тірлікті пәлсапамен пайымдаған.
Тәңірім аямады тартуын да,
Апамның еңбегі зор шалқуында.
Келтірген отбасының берекесін,
Көтеріп биіктерге жар туын да.
Самғаған қанат талмай сан қияға,
Жылылық ұялатқан жанұяда,
Еске алдым Сара апамды бидай өңді,
Дидары ұқсайтұғын Мәрзияға.
Бойында ата намыс, ар-ұяты,
Сыйлайды ел Ізекеңдей қарияны.
Апам мен екеуінен түлеп ұшқан-
Жекең мен Амангелді, Мәрияны.
Айналған олар өмір жалғасына,
Өтеді ғұмыр заулап алға асыға.
Немере, шөберелер бұл күндері,
Ілескен замананың арнасына.
Десек те дүние кезек, ақыл жаста,
Данагөй қариялар табылмас та.
Ұрпағы аталарын ардақтамақ,
Толғанын атап өтіп ғасыр жасқа.
Бұл өзі азаматтық, көргенділік,
Бабалар дәстүріне ерген ғұрып.
Не жетсін күн кешкенге Кеше менен
Бүгінді, Болашақты-Ертеңді ұғып.
Өткенді ел болмаймыз бағаламай,
Халықтық қасиетті сараламай.
Қалайша күн кешеміз, айтыңдаршы,
Асылдарды ардақтап, дараламай?
Кіршіксіз көңілі бар алып-ұшқан,
Көзінен отты жігер, жалын ұшқан.
Көңілім босап бүгін отыр менің,
Көнекөз қартқа деген сағыныштан.
Жақсылар ойлантады ойлы адамды,
Ұнатам оймен терең бойлағанды.
Есімде, сырықтайын сергек қарттың,
Тоқсанын дүрілдетіп тойлағаны.
Балдыз боп сонда әзілмен сұрақ қойғам,
Шықпады жауабы оның бірақ ойдан:
-Бұл кімнің тойы деп біз айта аламыз,
Тағылым түйген кезде мына тойдан?
Деген ем,
«Тінейдің!» деп дүр еткізген,
«Құтылып» кете алмады бірақ бізден.
-Қойыңыз, бұл Адай мен Қазақ тойы,
Ғұмыр жас – ел мерейі Сіз өткізген!
Білеміз, Қосай-Тіней кемдігі жоқ,
Батырдың Тәңірберген ерлігі көп.
Бір болып Бектеміспен топырағы,
Құдамдал, туыстыққа келді үндеп.
Бабалар өңшең ұқсас саф алмасқа,
Ұрпағы текті болып таралмас па,
Өткеннен сыр айтады құлпытастар,
Ортаеспе, Қаражанбас, Қаламқаста.
Дәстүрдің болса қандай жұғыстығы,
Ұғайық, ағайындар, дұрыс мұны.
Нағашы-жиен болып келетұғын,
Тіней мен Бектемістің туыстығы.
Ендеше, бүгінгі той – елдің тойы,
Тоқсанға талмай жеткен ердің тойы!
Ізтұрған Ақжановтай ақсақалдың
Мерейі- Маңғыстаудай жердің тойы!..
Жездеміз бұл сөзіме құлақ асты,
(Мен, сірә, сөз айтқам жоқ тым оғаш-ты).
Тіп-тік боп көрінетін тоқсанда да,
Салды еске бәйтеректей діңді ағашты.
Бұл енді өткен шақтың үлесінде,
Бейнесі тік қалпында тұр есімде.
Асылдың сынықтары қайта тумас,
Қазағым, бұл шындықты білесің бе?!
Адами қасиеттің ақтаңгері-
Ізекең қай кезде де мақтаулы еді.
Баршаны рухымен жебей берсін,
Ләйім жәннәт болып жатқан жері!