Поэзия көгінің пайғамбары
Қай заманда болмасын, қай дәуірде
Адам-пенде жете алмас мәңгі өмірге.
Сол Уақыттың Дауысы, Үні болып,
Ақын өлмес самғаған жыр көгінде.
Қазақтың да даңғайыр даласынан
Жарып шығып халқының арасынан,
Шайыр өткен нешебір пырағыдай –
Шаң жұқпаған шапқанда шашасына.
Өміршеңі өнердің өлең болар,
Дара туар дарынды ғұламалар.
Жүрегімен толғаған заман жырын
Ақындардан шын асыл мұра қалар.
Ақын асқақ шыңда өскен шынар болса,
Қия-көкте шырқаған қыран болса,
Шабытыңның қозады делебесі,
Жанын оның халайық ұғар болса.
Күңіреніп «елім!» деп күркіреумен,
Өлең болып, жыр болып сіркіреумен,
Ғұмыр кешті ұлы ақын заманында
Қараңғы елі, жұртына нұр тілеумен.
Ғұмыр кешті өн бойы аза болып,
Бірде тірі, бірде өлі –қаза болып,
Қазағының көргенде сорлы күйін,
Ақын қайдан күн кешсін маза болып?
Өртенеді, лапылдап, жанады да,
Жармасады дауа іздеп қаламына,
Өртеп шыққан өзегін өлеңімен
Сөз арнайды қазақтың наданына.
Ақынды ұқпас кер кеткен өшер елде,
Тіпті тастың лақтырар кесегін де,
Өзін де оның, сөзін де лағнаттап,
Сыйлай білмес ұлысын, көсемін де.
Білген оны Абайым заманында,
Өмір сүріп түнектің қоғамында.
Ол кездері қазағым қараңғы еді,
Ол кездері оранды дала мұңға.
Сілкімекке сол мұңның перделерін,
Ақын жырмен ағытты елге шерін.
Біреу ұқты, біреулер ұқпады оны,
Жақұт-жырдың қазына-көмбелерін.
Дүлдүл болып жаралған болмысынан,
Дәуірінің үрікпей Ол мысынан,
Дара шапты қарсы боп қаралыққа,
Дәру алып жақсының алғысынан.
Қай кезде де жұғар ма аққа қара,
Арғымақтар орғытып шапса дара,
Абай қалды мәңгілік Абай болып,
Даңқы оның жаңғырып паң далада.
Ақыны бар Абайдай – ұлы халық,
Көтереді замана жүгін алып.
Ел тағдыры тұрады көкейінде,
Толғатқанда жүрегін жыры жарып.
Сол жолдарды оқыған зердесімен,
Даналықты таниды әр сөзінен.
Сезіледі күмбір күй құйылғандай
Домбыраның қос ішек пернесінен.
Абай десе, кеудең -ән, кеудең-өлең,
Жыр нөсері секілді термелеген.
Кең далада көсілтіп шырқап салсаң,
Абай әні – жаныңды тербер әлем.
Сол әлемнен бойыңа күш аларсың,
Самғау биік шыңдарға ұша аларсың.
Әруағынан ақынның қанат бітіп,
Адамзатты бауырша құша аларсың.
Абай – Ақын, Әулие – Абай бабам,
Алтын таңды аңсады Ол арайлаған,
Менің Қазақ еліме, Отаныма,
Нұр шұғыла шуағы тарайды одан.
Ол өлсе де ғасырдың бастауында,
Мәңгі тұрмақ Күнім боп аспанымда.
Поэзия көгінің пайғамбары –
Асқағым да Ол менің, асқарым да!
Есімі оның таралып жер-жаһанға,
Алыстарды атағы шарлағанда,
Абайы бар халықтың мерейі өсіп,
Танытты ақын қазағын бар ғаламға!