Каспий трагедиясы
Дәуірлер дүппуінен аман келген,
Қарт Каспий , не құқайға шамаң келген,
Бұл күнде жер астынан жік шыққандай
Басыңа алабөтен зауал келген.
Мен бүгін ойлап едім өткеніңді,
Көрмеп ем мұндай қайғы шеккеніңді,
Жерорта, Азов , Каспий, Қара теңіз
Тарихтың тылсымынан жеткеніңді: .
Білем мен, бәрі-бәрін білемін мен,
Сүйемін сені жаным, жүрегіммен.
Тетистей ніл-мұхиттан ажыраған,
Қарт Каспий, төрт теңіздің бірі едің сен.
Мен сені анам деймін, бабам деймін,
Сен маған елестейсің адам кейпің.
Жеті атам көк теңіздің төсінде өткен,
Күн кешіп әкем менен маған дейін.
Ағайын, айтатұғын анық шыным,
Мен деген баласымын балықшының.
Қаламқас, Қаражамбас – атамекен,
Тереңге бүгіп жатқан тарих сырын.
Астында шұбар аты асау келген,
Есболай, Итемген бай қасына ерген.
Қаумалап жан-жағынан Жарылары
Ел бастап Маңғыстауға Шотан келген.
Мекендеп содан Керел, Жандауырды,
Жерсінткен өңшең өжет – жан бауырды.
Ел қорғап, жерін,суын, нуын қорғап,
Өткізген ата-бабам сан дәуірді.
Болса да қанша жаулық жат арнадан,
Қонысын ата-бабам сата алмаған.
Кешегі қысса-дағы кеңес заман,
Үдеріп бәрі бірге кете алмаған.
Еске алсам әрідегі Сақ заманын,
Тұлғаммен Томиристей мақтанамын.
Бөктіріп қанға басын Кир патшаның,
Дұшпаннан елі-жұртын сақтағанын.
Ешқашан от-намысын күйретпеген,,
Ешкімге ен даласын илетпеген.
Ен тағып айдынына Кас-пи деген,
Ешкімге сақтан басқа билетпеген.
Каспий бұл – қазақ деген, сақ деген ғой,
Дайларсыз мұнда дәурен өтпеген ғой.
«Маңғыстау –сонадайдан тозаңытқан»-
Қазақтың маңдайына бақ мекен ғой.
Бұл мекен , беу ағайын, ұлы мекен,
Әулие-әруақтар күңіренген.
Асау айдын асардай арнасынан,
Күркіреген күнімен, түніменен.
Сол көк айдын тап болып талайына,
Қайғы шөкті көңілдің сарайына.
Қарт Каспийге анталап қол салғаны,-
Қанжар сұғып жатқандай Адайыма!
Біреулердің қанғандай шын құмары,
Ал қарт Каспий шыдауда,шіркін әлі.
Өктемдікке төзбейтін өршіл теңіз
Бір күндері бұлқынып, жұлқынары,
Мәлім маған, ей қазақ, мәлім маған,
Басып жүрген қара жер бәрің де адам.
Бағың болған көк теңіз сорың болар,
Байлам осы ескертер ақын саған.
Керек емес маған еш шетелің де,
Олар үшін озбырлық не тегінде!
Теңізімнен айрылып қалған күні,
Бұл өмірден зарлаумен өтемін бе?!
Иеленіп кірмелер төрді бүгін,
Қарт Каспиім өгейлік көрді бүгін.
Әулиелер сілкініп ұйқысынан,
Естір Тәңір теңіздің шерлі үнін.
Теңізім толғанады, толғатады,
Ұрпағына ұлысты тіл қатады.
Өнебойын у кеулеп, өзегіне
Қара майды құйғаны тым батады.
Сұмдық осы болмаған бұрын әлі,
Сумаңдаған суық қол ұрынады.
Бауырынан өрбіген баласындай –
Балықтары мың-мыңдап қырылады.
Таусылғандай сан ғасыр-ғұмыр әні,
Жан-жүрегі үзіліп, жұлынады...
Арал сынды тәлкекке салмақ үшін
Әлдекімдер , ашкөздер құнығады.
Аралыңнан айрылған қазақ едің,
Тағдырыңда аз болмас жазаң сенің.
Әбден ашқан аранын Каспий үшін
Көлденең көк аттыға мазақ едің.
Айта алмаймын дәл бүгін алғыс саған,
Ақылына жүгінер намысты адам.
Ата-бабам кешірер мына мені,
Айтар болсам дәл бүгін қарғыс саған,
Ауызыма алайда болам ие,
Безертесің ұлыңды ,беу, дүние!
Кезертесің ернімді теңізімдей,
Мейірімге шөлдеген ұлы кие!
Мен теңіздің төлі едім, тасынатын,
Қайдан туды , апырай, басыма күн?
Қарт Каспийге қатерлі төнді қауіп,
Ей, адамзат, қалай мен жасырамын?!
Табиғатты аялап, аясақ шын,
Болмайық та құрбаны саясаттың.
Мөлдірлігін жоймаған баба КаспийҚазақ үшін тұғыры Болашақтың!
Ағалар, тізгінді тарт, абайлағын,
Еліміздің ертеңін көп ойлағын.
Карт Каспиім аман боп тұрса ғана,
Бере бермек мол ырыс Құдайларың.
Ал егер адамдайын арандаған,
Ашкөздікке жол берсек жалаңдаған,
Өзгелерге теңізді тарту етіп,
Тірлік кешсек бейшара, амалдаған,
Ел боламыз ертеңі, айдыны жоқ,
Айдыны жоқ елдердің айбыны жоқ,
Айдыны өлген елдердің қайғысы көп,
Қайғысы көп елдердің байғұсы көп.
Сән түземей аққулар бола ма айдын,
Шаңқылдамай шағала тола ма айдын?
Қызыл балық, ит балық, қара балық,
Құрбаны боп кетпегей қара майдың!
Беу, ағайын, жаны үйлес теңізбенен,
Мен – балықпын, теңізбен егіз денем.
Шыбын жаным шырқырап, шырылдаймын,
Айдыныма амандық жол іздеген.
Қасиет бар туған жер әр тасында,
Қасиет бар көк теңіз арнасында.
Ойып орнын алып тұр қалай ғана,
Қазақстан әлемнің картасында?!
Бұғалыққа көнбеген баба далам,
Даралықтан жаралған дана далам.
Саған бақыт тілеймін қарт Каспийден,
Саған бақыт тілеймін Жер-Анадан!
Бір-ақ тілек тілеймін Нұр-ағадан,
(Құқым болса сұрардай бірақ одан):
Қорғап өткен қанымен батыр Бабам -
Біз айрылып қалмайық мұралардан!