Аю туралы пікірталас
Аюдың жайын жырласам,
Алтайдың қонжық Асқары12,
Масаты күймен бір масаң
Маған бір әзіл тастады.
“Әспеттеп бұлай жыр қылған
Аюды қайдан алғансыз?
Көкшеде аю құрыған,
Алтайға, сірә, барғансыз.
Жаңғыртып тауды ақырған
Тұрқынан танып марқайдым.
Шабытыңызды шақырған
Аюы болды Алтайдың!”
Дегенде мен де шалқайдым,
Шам алып қалып көңілге.
Дүсірлей көшіп бар қайғым
Жылқыдай өрді тебінде.
Алаштың туын тіктеген
Арыстардан қалған құт мекен,
Көкшеде аю жоқ деген
Көкезу қайдан шықты екен?
Аюың тұрмақ,
Арыстан
Абылай тіккен ордасын,
Аңсарсың барлап алыстан
Тарихтың ашсаң қордасын.
12 Жазушы Асқар Алтай
Жолбарыс жортқан жонымды
Қорсылдап доңыз басса да,
Торуыл қаптап жолымды,
Басымнан дұшпан асса да...
Қайтпайтын көкжал Кенелер
Құтайған күні болмаған.
Би Қанай, Ақан серілер
Қазақтың күйін толғаған.
Көкшеге кие теліген
Заманның зарлық Мағжаны.
Мәлік пен Сәкен сері де -
Халықтың жаны, ел бағы.
Алтайдың аюлары да
Алашқа ортақ кіл асыл.
Оралхан, Қалиханы да,
Қайсенов Қасым – дүр асыл.
Боларсың аю сен де, Асқар,
Қонжықтан өскен бар аю.
Болмасын бірақ, жолдастар,
Қанына қатып қараю.
Асқаржан, бізге бәрі ортақ:
Алтайдың аюлары да,
Көкшенің көкжалдары да,
Арыстар армандары да...
* * *
Қан. Қан.
Түсімде қан көремін.
Шырқыраған бір шыбын жан көремін.
Жоқ дегенім жол бермей жағаласып,
Жоғалады жым-жылас бар дегенім.
Бір.Бір.
Біріңді кетті өлтіріп,
Жарым жолға жолаушы жетпей тұрып.
Сақылдайды мыйымда қара қазан,
Деркүмәнім ішімде дерттей тынып.
Таң. Таң.
Талықсам таң атпайды.
Жеміт ойлар қасқырдай жалақтайды.
Меңдуана жеп қойып уланғандай,
Меңдетеді бойыма тарап қайғы.
Тән. Тән.
Тән жаннан қалды үзіліп.
Қалды тәркі дүние, қалды қызық.
Жеңе алмады зұлматты нәзік сәуле,
Өте алмады тасқамал жарды бұзып.
Жан.Жан.
Арсыға жан ұшады.
Ызыңдайды шыбындай ғарыш әні.
Жалғыздығын қалдырып жер бетінде,
Жаббар һақпен мәңгіге табысады.
Жоқ. Жоқ.
Жоқпенен мұңдасамын.
Жеткізбейтін жоқ қуып қырға асамын.
Түлкі бұлаң жалғанның сыңарындай
Тұрып алды-ау тербеліп сырға-сағым.