Тілек
Жарқыл қағып жұлдыз біткен ақса алдан,
Жүрер жолдан жаңылыспа, жақсы арман.
Темірқазық нысанаңды ұмытпа,
Жүрегіңе жылт еткізіп от салған.
Пәктігіңе болсын сенің таң ғашық,
Жолдас етіп жақсыларды жолға шық.
Сенің мөлдір бастауларың кір түспей,
Жатсын ұлы мұхиттарға жалғасып.
Бүрін жарып, гүлін ашып бас алған,
Өскің келген, өнгің келген жас арман,
Сәл ғана бір мүдіруден мүлт кетіп,
Өмір бойғы өкініштер жасалған.
Жай жаныңды жазиралы жазық қып,
Адалдықты ұста алтын қазық қып.
Ерлік, мәрттік, батырлыққа бастасын
Көзіңдегі мөлдіреген нәзіктік.
Бұла күшің бұлқынумен таң асар.
Орақ орып, құрыш қақтап, қала сал.
Тепсе темір үзетұғын шағында
Жас арманға жасампаздық жарасар.
Лүпілдетіп шынайы бір сезімді,
Жас бөбектей жақсы көрем өзіңді.
Көрсетші тек, айналайын ақ арман,
Айдай толып аспандаған кезіңді.
Жауқазыны жақсылықпен гүлдеген,
Естірт маған өміріңнен күнде өлең.
Сол жас жігіт арманына жетіпті,
Сол жас арман азамат боп жүр деген!..