Халық дауысы
Күннің күркірі,
Зеңбіректің зіркілі,
Оянып ап атқылаған жанартаудың зор үні,
Сан мың тұлпар дүбірімен
Жер шайқалтқан қалың қолдың жорығы –
Соның бәрі халықтың,
Халық деген алыптың
Дауысынан басымырақ бола алмас,
Халық дауысы қасиетті ақ алмас.
Құрдым болып құмға сіңер дария емес,
Халық дауысы ешқашан да жоғалмас.
Халық дауысы, халық дауысы –
Ол дауысқа тең келетін теңеу жоқ.
Дүниеде тоқтата алмас ешкім де
Оның текті тасқынына бөгеу боп.
Туған халқым, даусың шырқап кетті алыс,
Ұланыңа бұл ұдайы мақтаныш.
Желтоқсанда жас алашым бастаған
Азаттыққа ең алғашқы аттаныс.
Сол дауыс қой,
Әні, нәрі, жалыны,
Қуат-күші, парасаты, дарыны
Махаббаты,
Мөлдір, таза, пәк үні,
Мол дауыс қой бойға нұр боп таралған.
Шаттығымыз сол дауыстан жаралған,
Жүрегіміз сол дауыстан нәр алған.
Туған халқым, сенің даусың қашан да
Ақ сәуле боп шақырады мені алдан.
Қазақ елім, қасиеттім, байтағым,
Саған сырды жасырмай-ақ айтамын.
Даусың бүгін бар ғаламға естілді,
Нұрландырып жер-жаһанның ой-таңын.
Шырқыраған шындық үшін дау болса –
Туған халқым, сенің даусың естілер.
Жағадан кеп алып жатқан жау болса –
Сенің даусың қылыш болып кескілер.
Дұшпан көңілін басатұғын мысы бар,
Аспаныңа ақ көгершін ұшырар,
Өзің барсың достық сөзін айтатын,
Достық қолын өзің барсың ұсынар.
Аулақ жүрген қулық, сұмдық, пәледен,
Сенің көңілің кіршігі жоқ ақ еден.
Шаң-тозаңнан аршып алған шындығын
Өз даусыңа құлақ түрді бар әлем.
Халық даусы – байтақ елдің жыр-әні,
Халық даусы – ұланының ұраны.
Халық даусы – Көк байрақ боп желбіреп,
Ақ Ордада көз қуантып тұр, әне.
Халқым барда көңілімнің хошы бар,
Көңіл көркем келешекке асығар.
Бүгін дағы ұланыңның бұл жыры
Туған халқым, өз даусыңа қосылар.