07.05.2022
  124


Автор: Қорғанбек Аманжолов

Он жеті жасар алаудай...

Ардакүрең мінген, арманымыз бірге ұл едік,
Артығали-шерді алдымызға салып түледік.
Қылтиып өсіп қасат бір қардың астында,
Наурызын сағынған жауқазын-жасын гүл едік.
Балауса балғын қып-қызыл қыршын қарағай,
Арманшыл кім бар он жеті жасар баладай!?
Қызылға құмар балапан қыран секілді
Сонарға сонау көз тігіп едің, Танабай.
Қазығұрт тауың төбелер сынды тозғасын,
Қасиет-кие құр сүлдері қалып азғасын,
Жүрегің сенің жылайтын еді-ау егіліп,
Жасып бір жаның, жосылып ыстық көз жасың.
Қазығұрт таудан қоламта тартып қоздатып,
Шаңқобыз жырды төгуші ең, Танаш, боздатып.
Қайсар бір жалын ұйтқитын еді-ау көзіңнен,
Оянған сонда ақындық отын маздатып.
Арбайтын еді, алдайтын еді сұм заман,
Өзімізді де, сезімімізді де ұрлаған.
Асылың – жасық, адалың – арам боп шыққан,
Заманың зәһар шашатын еді бір жаман.
Жанымыз сонда зәһаннам зілмен жаншылып,
Налалы жүрек запыран құсып, зар шығып.
Жәдігөй заман зәндемі күйін білместен
Жасаппыз соған булығып іштей қарсылық.


Зымиян кімдер?
Зұлматы қайдан?
Білмеппіз.
Әйтеуір біздер жаурай да жүріп гүлдеппіз.
Булыққан іштей бұйығы ғана қарсылық,
Өртене жүріп, шер төге жүріп бүрлеппіз.
Студент, шіркін, қосылушы ма еді санатқа?
Сезімің албырт лапылдап кетер заматта.
Жүрегімізді ұстап,
Бір-бір Прометейге ұқсап,
Жетуші ек ұшып Оралхан менен Сағатқа.
Шамырқана қалар шамшылдығың да бар еді,
Қазағыңа тартқан қаншылдығың да бар еді.
Аялап өтер мөлдіріне кіршік түсірмес,
Аққуға бітер аршылдығың да бар еді.
Лапылдап жанған он жеті жасар алаудай,
Бозторғай таң боп атушы ең күнде талаурай.
Таң шапағында тоқтап бір қалған уақыттай,
Бұзылмай орда, алынбай қалған қамалдай.
Айтылмай өткен, арманда кеткен ардақ ән,
Он жеті жасар Алау боп қалдың сен маған.
Өлтірмей осы, сөндірмей осы алауды
Дәтке бір қуат - өренің өмір жалғаған.
Көшпелі жалған...кенеусіз атақ, даңқың да.
Білмей де қалды бозторғай жырды халқың да.
Лапылдап жанып тұрсың сен әлі, жан досым,
Он жеті жасар Танабай-дәурен қалпыңда.





Пікір жазу