07.05.2022
  160


Автор: Қорғанбек Аманжолов

Былғары табыт

“...Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар!”
Мағжан
Бермей жүр тыным ғұндарда болған бір ғадет,
Ғұндардың жайын айтпайтын болса – жыр
нәлет.
Мазасызданып
Маңайыма жиі қараймын,
Аруағы ғұнның айналып ұшып жүр ме деп.
Айналып ұшқан аруағы ғұнның қолдай ма,
Қолдай ма, әлде, аруақтың жолы болмай ма?
Қайыстырған жерді самсаған сансыз қол қайда,
Тұлпар тұяқтың ізі бар еді-ау, сол қайда?
Былғары киген,
Былғары күйлі ғұндарым,
Қобыз қияғын,
Тұлпар тұяғын шыңдадың.
Керімсал самал кермек бір татып кеткендей,
Мазалайды мені бағзы да бақи сырларың.
Былғары киген,
Былғары күймен балқыған,
Жабайы жуа...
Жұпарлы жусан аңқыған,
Қойнына жердің арулап қойып мәйітті,
Былғарыға бөлеп қоштасады екен артынан.
Бабалар солай былғары табытқа бөленіп,
Кетеді екен бақи сапарға жөнеліп.
Өмірінде де,
Өлімінде де – былғары,
Талайына жазған тағдыр сыйына кенеліп.
Сайран ғұмырлы сақарамызда ғұн бабам,
Қаранар тегі қыңбаған – сағы сынбаған.
Ғұндар дегенде – жүрегі жаудың мұздаған,
Жүрегі достың жырлаудан әсте тынбаған.
Досына достық пейіліменен таңы атқан,
Қастасқандарына қаһарын қардай боратқан.
Жазасы сұмдық бар екен жауға ... және де
Шыққан жандарға опа табарлық санаттан.
Сұп-суық болып сұр жылан шықса қойыннан,
Адалсып жүріп аярлығына бой ұрған,
Сұрқияларды
Қылқитып басын мойыннан,
Терісіне малдың тігіпті жаңа сойылған.
Жонарқасынан тіліп бір алған таспадан –
Азары ауыр,
Азабың одан аспаған.
Жаңа сойылған жас теріге тіккен пақырды
Аптапқа өртеп,
Астына күннің тастаған.
Қылқиып басы.
Жалаңаш тәнде жас тері,
Жабыса сорып жатқандай, тегі, аш пері.
Жұп-жұмсақ тері қақталып күнге құрысып,
Қатыгездіктің болады екен қас көрі.
Тартылып көні қалыбына барып қысқанда,
Көрініп көзге, шырқырап жаны ұшқанда,
Зарлатқан мына зәндемі күйдің азабын
Досың түгілі, тілемессің, тіпті, дұшпанға.
Ғұндардың сондай қатты да болған назары,
Ғұндарда сондай – былғары табыт азары.
Қатал заманда қылмысы ауыр болған соң
Қолданған, бәлкім, осындай ауыр жазаны...
Ғұндардан қалған нұрланып тұрған бұл ғалам.
Былғары киген,
Былғары күймен жырлаған,
Бабамның сыры былғары табыт ішінде
Науыт болғандай,
Қалып қойғандай мұңданам....





Пікір жазу