Поэмалар ✍️
Зообақтағы аюлар
Сезімді ғылым не қылсын,
Ғылымға ғылым қажет тек.
Ғылымды ғалым кемірсін,
Ақын қайтеді оған өбектеп.
Сабақ-ау бірақ әркімге,
Мысалы, мына тосын жай.
Мәскеудің зоопаркінде
Уақиға болған осындай.
Жамайтын ғылым жыртығын
Маңызды дерек алмаққа,
Бір топ аюды бір күні
Жіберді дейді аулаққа.
Жегені бал мен шекер деп,
Кәмелет жасқа толғанда,
Күндерін көрер ме екен деп,
Жіберді айдап орманға.
Аюлар қоңыр қолда өскен
Балпаң да балпаң басады.
Тағыны көріп жол кескен
Дүрлігіп ел-жұрт қашады.
Үріккен жұртқа мұншама
Қоңырлар қайран қалғандай,
Кідірді дағы біршама,
Тоғайға кірді қорбаңдай.
Тұнып тұр жазғы орманың:
Бүлдірген, саңырауқұлақ та,
Итмұрын, жидек жан-жағың –
Тартпайды тәбет бірақ та.
Жемістен мына жабайы
Теріп жеп тегін тою да –
Зәһаннам іс қой анайы
Зиялы біздің аюға.
Шолжақтап торпақ, торай да
Сүйкеніп өтсе қасынан,
Азуды баспай, алайда,
Аюдың өзі шошыған.
Адамға шаппақ түгілі
Бұзаудың шертпес басына,
Алыптар тура түңілді
Түк татпай қонақасыға.
Қазына толы тоғайдан
Таба алмай тамақ ашыққан,
Тағылар енді қалайда
Адамдар жаққа асыққан.
Шетінде жолдың шоңқайып,
Отыра қалып жүрелеп,
Аюлар сонда қол жайып,
Болған ғой қайыр тілемек.
Қолдарын жайса паркінде
Қызықтап халық келетін,
Сараңдық етпей әркім де
Тәттіні төгіп беретін.
Алаңсыз шақтың шаттығы
Қиялдың құртын қоздырып,
Қолдан бір татқан тәттіні
Қояды аңсап көз жұмып.
Жер басып тұрып табаннан,
Ербеңдеп алғы аяғы,
Қайырым күтіп адамнан
Аюлар қолын жаяды.
Қалтақ та құлтақ бастары,
Жаутаң да жаутаң көздері,
Адамдар бірақ қашты әрі,
Аюлық тілекті сезбеді.
Аюлар осы тосыннан
Албасты болып көрініп,
Әйелдер дереу шошынған,
Ойбайды салып, сүрініп.
Дәйімі торда тұрғанда,
Сыйлайтын көңіл хоштығын,
Түсінбей аң-таң бұл маңда
Адамның қаһар, сұсты үнін.
Аттандап халық сабылды,
Басталды аласапыран.
Милыларымыз да табылды
Милицияларын шақырған.
Бейнебір бейбіт аңдардан
Төнгендей қатер Мәскеуге,
Лақапқа лақап жалғанған,
Даурығып нелер боскеуде.
...Әйтеуір мына қағынған
Хайуандарды көп есіртпей,
Абырой болды – дабылдан
Жеткені жәрдем кешікпей.
Ақыл да болды табылған
Кісендеп бірден алғаны,
Аюлардың бұл лаңынан
Астананы қорғап қалғаны.
Абырой болды – дәл сүттей
Ұйытып жұртты тастады,
Оқиғаны бұл өршітпей,
Дабыралатпай басқаны!
Ертеңі күні-ақ қосылды
Ғылымға құнды жаңалық:
Қолда өскен хайуан бұл сынды
Күн көре алмайды, ол анық!
Адамдар еді айырған
Күнкөріс қабілетінен,
Ал бүгін олар артынан
Күл шашты лағынетімен.
Ашыққан аю, алайда
Адамшылығын сақтады.
Қарауытпай көзі қалайда,
Тағылыққа бармай тоқтады.
Көңілі болып жарадар,
Алданған тәтті елеске,
Аюлар осы ақадал –
Адамнан зият емес пе.
Жапырып, жайпап дүлей күш,
Қайтер ек салса қырғынды,
Білмейді кейбір күнкөргіш
Ізеттілікті де бұл құрлы.
Қамы үшін қара басының
Құрбандығы қып жіберер,
Санасы сіреу, тас ұғым,
Аз ба екен аусар немелер.
Мәскеудің зообағының
Аюы құрлы күн көрер,
Қол жайса нелер залымың
Зардабын оның кім шегер?
Тіршілік кейде қабаған
Арпылдақ, арсыз иттей-ді.
Тұрмысын тексіз сан адам
Қайыршыдан бетер күйттейді.
Құбылтып жанын мың бояп,
Емініп өмір сүрмей ме?
Қол жайып жолда тұрмай-ақ,
Қайыршы болып жүрмей ме?
Өткізсе солай дер шағын
Тұрмыстың зообағында,
Қайтер екен деп қорқамын
Тағдырдың зобалаңында.
Өткізсе тағы дер шағын
Өмірдің зообағында,
Қайтер екен деп қорқамын
Заманның зобалаңында.
«Қайда?» деп сонда налыдым,
Бекінген бекем шеп құрып,
Мәскеудің зообағының
Аюы тектес тектілік.
Қайдасың, рухтас бауырым,
Адамға дәйім болған құт –
Мәскеудің зообағының
Аюы тектес дегдарлық!