Түнгі аңыз
Қап-қара түн – құпиялы менің қойын дәптерім,
Соған мәлім жұлдызды мұңлы-нұрлы сәттерім:
Қасиетті қорлану, асқақ азапталуым,
Жымиысым тәкаппар, жылауға аз-ақ қалуым.
Ағып түскен жұлдыздай өлең ағып барады,
Көңіл шіркін қанатын қағып-қағып барады.
Ұйқыдағы сұлудай ұйықтап жатқан әлемді,
Дәптеріме көшіріп ала қоям мен енді.
Талықсыған арудың ерінінен сүйемін,
Жалғыз өзім билеймін, жалғыз өзім иемін.
Білесіз бе, бұл әлем түсінде не көреді,
Сәл ыңғайсыз, әйтпесе айтар едім мен оны.
Екеумізге ғана ортақ бар сезімнің көктемі,
Қап-қара түн құпиялы – менің қойын дәптерім.
Оянса әлем тәлпіш-ау, о, түнде де қылықты,
Таңға жуық тым асау, онысын кім біліпті?!
Ал таңертең мүлде өзге кісімшілдеу күйге еніп,
Шыға келер білместей түнде кімнің сүйгенін.
Құлпырарда дүние күнге шыққан құндыздай,
Өлең ағып түседі ағып түскен жұлдыздай.
Ойлар қонып жатады баппен қағып қанатын,
Анау менің терезем: ояу жүрек жанып тұр...
... Менің қойын дәптерім – құпиялы қара түн.