07.05.2022
  173


Автор: Ерлан Жүніс

Құсқанат

Қараша,
Құс қайтқанда – күзгі қайғы,
Күзгі қайғы жанымды сызғылайды,
Сызғылайды жанымды күзгі қайғы,
Бөлмеде теріс қарап қыз жылайды.
Бөлмеде теріс қарап қыз жылаған,
Сол түні гүл таба алмай қызға ұнаған,
Сол түні жыр жаза алмай қызға ұнаған,
Бармақпен шылым шоғын мыжғылағам.
Бармақпен мыжғылағам шылым шоғын,
Іздесем, табар едім гүлін соның,
Іздесем, табар едім жырын соның,
Ал өзін табар ма едім бірінші оның?!
Сол түні сол ойменен биік қалғам,
Сол қызды қайтейін мен сүйіп қалған,
Қайтейін сол қызды мен сүйіп қалған,
Жүрегі бармақтай боп күйіп қалған.
Қалдым мен сүйе алмауды жеңіс санап,
Сен жыламау үшін бе-ей, е, құсқанат?!
Бейуақ,
кәрі ұятым секілденіп
Бөлмеде қыз жылайды теріс қарап.





Пікір жазу