07.05.2022
  155


Автор: Ерлан Жүніс

А, Ұмай

Дәл төбемнен жұлдыздар зуылдайды, а,
Ұмай,
Ал менікі жоғары,
Сен де айтшы биік деп.
Ертең бәрі қалады,
Маңдайымнан сүйіп кет.
Көз жасымдай бұл жұлдыз,
Қайта айналып тұнбады.
Жаным сүйген сүмбіл қыз,
Бір қайырын қылмады.
Өкініштің қанаты суылдайды, а, Ұмай,
Өкіндірді бұл сұлу,
Қасіретті тұтқызды.
Өз ішімде тұншығу,
Сөз ішіне жұтқызды.
Дұғай сәлем өмірге,
Дұғай сәлем өмірден.
Махаббатым Тәңірге,
Махаббатым Тәңірден.
Еркіндікте махаббат туылмайды, а, Ұмай,
Оны сүйген сәтімді,
Мекен етем мәңгі ертең.
Оны ойласам ақынмын,
Ақымақпын һәм көркем.
Оған не деп жазайын,
Жат тағдырмен таласып,
Көк түбінде көзайым,
Су түбінде қарашық.
Еркіндікте махаббат туылмайды, а, Ұмай,
Өкініштің қанаты суылдайды, а, Ұмай,
Дәл төбемнен жұлдыздар зуылдайды, а,
Ұмай,
А, Ұмай,
Ұмай





Пікір жазу