Жаздым
Еркелей қарап, елігім менің,
Ерніңді тостың... Ес кетті.
Елігіп едім, желігім жеңіп,
Әттең-ай, әттең не істетті?!
Ентігіп демің, дір етті ерін –
Ұлы сезімнің үрейі.
Ерінді сүю – жүректі өбу
екенін қайдан білейін.
Қаншалық жаның ұнатқан сайын,
Өзімді сонша жек көрдім.
Сезімің сұлу бүр атқан сайын,
Ішімнен қурап кеткенмін.
Кінәдан көңіл, күнәдан жаным,
Күйеді білем, күйсінші.
Сүймеймін енді, сұрама, жаным,
Шын сүйген ғана сүйсінші.
* * *
Бұлдырамашы, құлап кетпеші,
Етпеші мені жаралы.
Жарық жұлдызым, жырақ кетпеші,
Жанарым талып барады.
Аспанды бақсам аңсарымды алдың,
Сұлу ғаламның нышаны.
Таңдайы менен тамсанулардың,
Қарсы алулардың құшағы.
Жұлдыздар көкте жамырағанмен,
Сен жалқы тұрсың, жарығым!
Биіктен мені танымағанмен,
Төменнен сені таныдым.
Заңы ғой ол да ғұмырдың мына,
Басқаша деймін болсашы.
Жасырынғанша шымылдығыңа,
Қолыма менің қонсашы.
Жалғыз анам бар асыл да жүрек,
Саған да ана болады ол.
Бауырым болшы қасымда жүрер,
Келе ғой, нұрым, қона көр...