07.05.2022
  149


Автор: Ерлан Жүніс

Қараңғы көшелер

Қараңғы көшелер
Ұмытқан құдайды –
Тамұқтың жолдары сыңайлы.
Бойжеткен
Бұрышта
әлдене сұрайды,
О, нені сұрайды?!
Жапалақ жанарлы, жарқанат құлақты
Көшелер
жанымды жылатты.
Қараңғы бұрышқа
О, кімді құлатты,
О, нені сұратты?!
Кер шаһар
Удай мас
Ындынды ләйлітті –
Көтере алмаған байлықты.
Сол түні ол мені айнытты,
Сол түннен қаймықтым...
Жүрек-ай – қанатын от шалған көбелек,
Бұл маңнан өзіңе не керек?!
Бұлқындың –
Не білдің?
Ұмтылдың –
Шегіндің,
Бұйыға тығылдың неге кеп?!
...Қараңғы көшені түн жұтты. Жоғалды.
Артында...
Тастанды Пәктік пен Обалды
Көтеріп барады киелі жүректер –
Аспан жанарлы.





Пікір жазу