07.05.2022
  178


Автор: Ерлан Жүніс

Дертті түн

Тұмауратқан көктеменің түндері,
Маңдайымды сыздатасың сен неге?!
Өмірді емес, өмір оны сүргені
Керемет пе пендеге?!
Сен булығып, мен қыстығып обал не,
Бір жылауға батылымыз жетпеген.
Жындымыз ба, мұңдымыз ба, жоқ әлде,
Оған кімнің басы ауырсын, көктемем!
Сенің шерлі көкірегіңде тұншығып,
Түз желіндей менің еркін ғұмырым:
Түніменен мұңлы көгім күрсініп,
Ай ойнаса сезімімен тірінің,
Жанып-сөніп сауабым да, обал да,
Алмасады бір қуаныш, бір өкпем.
Бәсекеге қабілетті қоғамда,
Бәсекеге қабілетсіз жүрекпен
жалғыз мен бе, бұйығып,
Өз ішіне кіріп кеткен шыдамай.
Сүйдім оны, көрмесем де сүйіліп,
Содан болар өкпелеуім тым оңай.
Желқайықтай өр теңізді кештім де,
Жағалауға жете алмадым туғалы.
Өтінемін,
Айта көрме ешкімге,
Менің жалғыз екендігім туралы.
***
Ақылға сияр айыптағаның,
Арманыңдағы болмадым.
Асықпа, жаным, ғайып боламын,
Көзіңді жұмсаң болғаны.
Тістелеп үнсіз ерніңді үлбір,
Ойлана қалшы өзіңше.
Ұшып та кетер өмірім бұл-бұл,
Жалт ете қалған сезімше.
Болмаса, бір сәт жамалды бөтен,
Аңсашы... әлі кеш емес.
Бұлбұлды бақша, маралды мекен,
Бәрі де, бәрі... бос елес.
Жылап тұрғандай ішінен күлкім,
Күлкілі неткен көз жасым.
Бұйырам кейін түсіңе, мүмкін,
...Сағынуға жазбасын.
***
Мен кетем, мен кетем,
Дертімді емдетем,
Сен салған, сен берген,
Сенімен тең бөлген,
Шыға алмай сенделген,
Шығамын шеңберден,
Бола біл сен бөтен,
Боламын мен бөтен.
Келмеске кетермін,
Күтпестей етермін,
Оралма өткенге,
Өтінем, жек көрме,
Күн кешіп көпке ер де,
Күліп бар көктемге!
Мен ғана бекермін,
Қатыгез екенмін.
Мен кетсем – келме сен,
Сен сүйме шөлдесем,
Жалғыздық түрмесі
Рухымен тілдесіп,
Жүрермін күн кешіп,
Сен оны білмеші,
Осылай сөн десең,
Осылай сем десең.
Өзіңмен – жалығыс,
Өзіңсіз – жабығыс,
Алдымда мұнар күн,
Мұнарда құмар түн,
Сапарға шығармын,
Сағымды қуармын,
Сабылыс, жаңылыс...
Не табам?
Сағыныш!
Мен – тұтқын маталған:
Өзіңнен от алған,
Сезімдер тербетті,
Дертімді меңдетті,
Басымды сенделтті,
О, сенің нең кетті?!
Тосса да жат алдан,
Кете алман, кете алман!





Пікір жазу