07.05.2022
225
Наз
Менсіз де келеді бұл көктем,
Менсіз де сүйеді ол сені.
Жандағы үрейлі дірдек пен,
Күмәнді көңілдің кемсеңі
жүректі о, талай жылатқан,
Сенсіз де жұбата алармын.
Барыңда өзімді ұнатқам,
Содан соң... көрместей болармын.
Ақ жауын жауар сен жыламай,
Көрерсің, мен күлмей күн шығар.
Өтер күн ешкімнен сұрамай,
Тәуелсіз тағы да жыр шығар.
Артыңнан бармауға сертім бар,
Онсыз да адасқан сәтім көп.
Кетуге дәл қазір еркің бар,
Ал қайтып келуге хақың жоқ.
Жыласып алайық күз келмей,
Ұмытылар бәрі де күзден соң.
Бәрі де бар еді біз келмей,
Бәрі де болады бізден соң.
Жоқ, енді жылама, құлатпа –
Киелі тамшысын Тәңірдің!
...Қоштаса алмаспыз бірақ та,
Дәстүрі бойынша жанрдың.