07.05.2022
  188


Автор: Ерлан Жүніс

Өмір вальсі

Қап-қара түн – қара шайдай,
Жарты лимон – қызыл Ай...
Қара түнмен жараса алмай,
Маңдайымның қызуы-ай.
Әлдеқайда жұлдыз күлген,
Нені білсін ол дағы.
Білсе мені, бір қыз білген,
Оның өзі алдады.
Әлдеқайда үркеді Бақ,
Маңдайымнан сүймейді.
...Жібек шәлі бүркеніп ап,
Раушан гүлдер билейді.
Билейді олар... Биге мені
Шақырады ымменен.
Мен билеуді үйренемін,
Билеу үшін гүлменен.
Раушан гүлге айналамыз,
Сосын Өмір екеуміз,
Шыр көбелек айналамыз,
әлдеқайда кетеміз.
Қап-қара түн – қара орамал,
Ай – азалы ақ ару.
...һәм азапты оралулар,
...һәм ләззатты жоғалу.





Пікір жазу