07.05.2022
  155


Автор: Ерлан Жүніс

Ғайып

Біз – мәңгілік кездесе алмаудан
ағарған көңілдің самайы,
Ешқашан ашылмаған табысу
хатындағы мыңжылдық мөрі.
Сағынышы басылмаған жүрек –
жабайы,
кісікиік,
жараланғыш,
о, бәлкім,
өлі.
Мен – қарашада тау кезіп кеткен
жігіттің салған түнгі әні,
Түн құшағындағы ауылдарды
жылатқан тағы.
О, бізге нені бұлдады,
Әлі суына қоймаған сезімдердің шоғы?!
Сен – кестелі орамалға сіңіп қалған
сап-сары көз жасы,
Он тоғызыншы ғасырдың аспанына
қадайсың көзіңді.
Әлде, Уәлихановтің, әлде, Затаевичтің
тым ескі жазбасы,
Үнсіз есіме салады өзіңді...
* * *
Жүрегім – жердің серігі,
Айнала ұшар ол сені.
Ауыр ма ақын өмірі,
Дәуір ме оның өлшемі?
Білдік біз ненің өлшемін,
Сездік пе мәнін тағдырдың?
...Түсіңе кірсем мен сенің,
Шырақ жақ түнде, жан құрбым!
Сен кешір, мұңлы бір мен бе,
Өңінде халді сұрар кім?
Адасып жүріп түндерде,
Түсіңе кірген шығармын...
Жүзімді елден жасырдым,
Жалғыздығымның атынан!..
Мен ақын – мұңлы ғасырдың
Түсінде өлең оқыған!





Пікір жазу