07.05.2022
  182


Автор: Ерлан Жүніс

Қараусыз бақ

Қала ішінде қалың орман секілді,
Жастығымның әні қалған секілді,
Арманымның таңы қалған секілді,
Бақ бар еді қараусыз:
Қараусыз бақ. Құстар даусы. Қара түн.
Қара түннен айдың нұры таматын.
Қарауылы – сонда келер ғашықтар,
Тұтқыны да сол ғашықтар болатын.
Соқпағы бар сойдақ-сойдақ шөп басқан,
Көсемдердің мүсіндері тот басқан...
Ескі ағаш орындықтар,
Қайыңдар
Көктем сайын дегбірімді ап қашқан...
Түкпірінде өзен жылап ағатын,
Көпірі бар – сынған құстай қанаты.
Орындықта – ойып жазған есімдер,
Әр сезімнің тарихындай қалатын.
Қараусыз бақ...
Табиғаттың өзіндей,
Табиғаттан бой алмаған сезімдей,
Жас сұлудың боялмаған көзіндей,
Менің де әлі аяулы, адал кезімдей...
Күтілмеген. Ұмытылған. Ескірген.
Ештеңе де сұрамайтын ешкімнен.
Көктем күліп, күзде жылап жататын,
Сол бір бақта өстім мен.
Сол бір бақты менен өзге ұғар кім,
Түсімде де... ішінде ол тұманның:
Мен сол бақта бір Ерланды қалдырып,
Өзге Ерланды алып шыққан шығармын...
Биыл барсам...
Кеткім келді бұл маңнан:
Кәрі ағаштар қырқылыпты ырғалған,
Соқпақтарға тас төселген, тұлданған,
Ескі ағаш орындықтар сырланған...
Қайран жастық, қайттім
сені-ай ұрланған!?.
* * *
Бүгін өлең жазылмады, жазбадым,
Жазар жанға аз ба уайым, аз ба мұң?!
Дүниедегі екі бір де арманым,
Жеті бір де боздағым!
Озар дүние он құбылып өремде,
Тозаңды аспан тебіренгенде төбемде,
Жазу оңай тиген сайын қорқамын,
Қазу оңай тигендей көр өлеңге.
Сезім ішкі шексіздікке жұтылар,
Ой да бір сәт айдай болып тұтылар...
Өлең деген өтер өмір емес қой,
Өле салып азабынан құтылар.
Әлем Ары, Өлең Ары – Маған Дар,
Дар басында дауласар қай шамаң бар?!
О дүниесі мен бұ дүниесі жоқ әлемді
Өлең дейді адамдар!..
* * *
Жүріп келем, сүріп келем өмірді,
Үмітпенен – таңғы түсім секілді,
Күдікпенен – қара кісім секілді,
Жүріп келем, сүріп келем өмірді.
Сезіп келем, біліп келем мен бәрін:
Ештеңені білмегенім секілді,
Ешкіммен бір жүрмегенім секілді,
Сезіп келем, біліп келем мен бәрін.
Король ғана жалғыз қала алады!
Жүректерге пір болғанда не мән бар?
Жүректерге құл болғанда не мән бар?
Король ғана жалғыз қала алады!
Король неге тоқтатпайды жүрісін?
Өзі-өзімнен жылайтыным секілді,
Өзі-өзімнен сұрайтыным секілді:
«Адам өмір сүреді осы кім үшін?»..





Пікір жазу