07.05.2022
  139


Автор: Ерлан Жүніс

Түн есімі - Сұлу

Түн есімі – сұлу...
Сұлу,
Сұлу – күннің есімі,
Гүл есімі – сұлу,
Сұлу,
Сұлу – мұңның есімі!
Түн есімі – сұлу,
Сұлу –
Кешірім,
Сатқындық та,
Қызғаныш та,
Жалғыздық та – есімі!
Оның сұлу есімі!
Түн есімі – сұлу,
Сұлу –
Құлдық,
Азап,
Бостандық,
Гүл есімі – сұлу,
Сұлу –
Ең аяулы қастандық!
Әппақ парақ – сұлу,
Сұлу!
Сұлулыққа қатала!
Жалғыздыққа,
Жалғыздықта түн есімін атама!
Жанып кете жаздасын!
Сұлу –
ардың,
Сұлу – зардың,
Сұлу – қардың есімі!
Шимай-шимай өмір жолым –
сұлулардың есімі!
Қандай азап бір әріпін өшіру,
Қаныңменен жазғасын!
...Ғұмыр кешу – әйелдерді кешіру,
Кешіп барып көз жасын!..
* * *
О, неге аспанға құштармыз,
О, неге ұшқымыз келеді?
Төбемде айнала ұшқан құс,
Төменге қарайлай береді.
Жоқ, әлде мен қарай берем бе,
Бір қайыр таба алмай көңілге?
Басқаша болғанмен өлеңде,
Басқаша бола алмай өмірде,
Мен қарай берем бе кеткім кеп,
Кеткім кеп, аспанды өпкім кеп,
Қиянға, қиырға жеткім кеп,
Жеткім кеп, жер баспай өткім кеп,
Еркіндік сүйген құс секілді,
Қайырылмай, қамықпай, жасымай!
...Қанаты күйген құс секілді,
Күйгелек күн кешкен басым-ай!
* * *
Жүректі қорғаусыз қалдырма,
Қараусыз тастама!
О, сеніп тапсырма тағдырға,
О, сеніп тапсырма басқаға!
Бер бәрін! Бәске тік басыңды!
Қаласа, бауырыңды кесіп бер!
Бер бәрін, жылдарды, ғасырды,
Ең соңғы көйлекті шешіп бер!
Бер бәрін, аяма сен бардың,
Білмейтін жандарға аяуды,
Бекзада жүректе – дегдар мұң,
Киесіз шаттықтан аяулы!
Адамдар айналар тағдырға,
Тағдырға – сезімсіз...
...Жүректі қорғаусыз қалдырма,
Қалса да бұл дүние – өзіңсіз!





Пікір жазу