07.05.2022
  133


Автор: Ерлан Жүніс

Кешпейді

Бір әкенің ұлы болған,
Оның аты – Қаратау.
Бұл ақынның жыры болған
Өмір аты – Қаратау.
О, білмедім шын аты ма,
Лақабы ма – Қаратау.
Жете алмаған мұратына
Қатарында – Қаратау.
Он жылдықты озат біткен
Күні, ісі үшін артық бір,
Қайран әке қазақтықпен
Қамшыменен тартып бір
Жіберіпті, мал қамы үшін
Бала ұруға бола ма?
Соңғы балға барғаны үшін,
Бала ұруға бола ма?!
Сол бір күні кейіп те кім,
Сөгіп те кім жақ ашқан?
...Менің мұңлы кейіпкерім
Ақыл-естен адасқан.
Содан қала Қаратаудың
Қанша гүлі көктеді.
Содан бала Қаратаудың
Басынан бұлт кетпеді.
Біреу айтты: солай, солай
Әке қолы тиген деп,
Біреу айтты: о, бейшара-ай
Пері қызын сүйген деп.
Біреу айтты: қайғы кімде,
Сол, у дәрі ішкен деп.
Біреу айтты: айлы түнде,
Көлге жалғыз түскен деп.
Біреу айтты: дуаланған,
Жылатқан деп бір қызды.
Біреу айтты: қуады арман,
Іздейді деп жұлдызды.
Біреу айтты: құс келгенде,
Қанат бітер болған деп.
Біреу айтты: түс көргенде
Түстен шықпай қалған деп.
Жылап па едің, сүйіп пе едің,
О, кім білсін, не кештің?
Менің мұңлы кейіпкерім,
Түсінбейді сені ешкім.
Сол Қаратау жүрмейді екен,
Жүгіреді тынымсыз.
Ештеңе де білмейді екен,
Сезбейді екен, ұғымсыз.
Неден қаштың, қаштың кімнен?
Өзіңнен бе, өзгеден?
Доссың кіммен, қассың кіммен,
О, дерттенген кезбе өлең?
Бір әкенің ұлы болған,
Оның аты – «Кешпейді!»
Бұл ақынның жыры болған
Өмір аты – өшпейді!





Пікір жазу