07.05.2022
  112


Автор: Ерлан Жүніс

Бір күні мен

Бір күні мен ауысқам бір жұлдыздың түбінде,
Құрсағынан анамның, құрсағына ғаламның.
Бір күні мен құдайдың құдіреттілігінде,
Үңгірінде қоғамның қапияда жоғалдым.
Бір күні мен айтамын ұл туғанын атадан,
Жалғыздардың жүрегі – жаратқанның
сүреңі.
Бір ойларым қашаған, бір ойларым жатаған,
Бірі үйге түнеді, бірі түзде жүреді.
Бір күні мен күлемін күрек тісім көрініп,
Сезім әлі тірі деп, төзім жаны сірі деп.
Бір күні мен жылаймын көз жасыма беріліп,
Сордың соңы бір тамшы, бақтың басы
бірі деп.
Бір күні мен аттанам ар жағына айнаның,
Жаралмаған аралға, жасалмаған қамалға.
Бір күні мен хат жазам ғашығыма беймәлім,
Ерініне сезімнің үркер жұлдыз қонарда.
Бір күні мен мәңгілік күбірінен құтылам,
Мені мезі еткеннің, менен безіп кеткеннің.
Бір күні мен жұлдыздың жанарына жұтылам.
Ақырында өткеннің, әуелінде көктемнің.
***
Қисық аяқ, қыли көз, Ей, бүгінгі, ұғымым,
Бұл не деген құбылу, бұл не деген құбылу?!
Өмір – неге – өзгенің қабағының астында,
Жалт қарауға бата алмай жанұшыра жүгіру!?
Қас түбінен құлақтың піл түшкіріп қалғандай,
Әлем қойған сұрақтың өзегінде толғанбай.
Мезгілінде мен неге шыға алмаймын
құрсақтан,
Қанатыммен қалайша жер сабадым
қорланбай?!
Әлеуметтік ғаріптік түсінігін кім ұғар,
Отанилық обалдың өзегімде мұңы бар!
Соғыс көрген даланың доланасы қышқылтым,
Соққы жеген баланың тым ащылау тілі бар!
Қайда менің биігім, қайда менің түбірім,
Жүгіремін – сүріну, қайта тұрам – жығылу.
Сексеуілден сүйегі, жусан сөлі – қаны бар,
Мен де мына ғасырдың ессіздеу бір қылығы.





Пікір жазу