07.05.2022
  142


Автор: Ерлан Жүніс

Іңірдегі пессимизм

Жоғалған армандарыма
Көңіл айтып қара түн
Жыладым...
Жарығы түбінен артпаған шамдай
Бұл қала мені жылыта алмады
Жанымның сыңар қанатын
Көтере алмай
сұладым
көз жасындай салмағы!
Тағы да алданғаныма
Сене алмай жас жаным
Тоңамын...
Әр қауырсыны қалтырап жанның
Күзгі жапырақты еске салады
Бәрінен безе бастадым,
Сенуден қалдым...
Қаланың
Жүрегі мұздап барады.
Уақыттың өзінің
Уақыты бола бермейді
Қалада!...
Көктем де келместей көрінеді маған.
Сезімді көтермейді,
(Көнесің!)
Жастыққа сенбейді,
Сенбейді саған
санада
билеп жүреді ізгі қаланың елесі!..
Көңілсіз қорғандарына
Селсоқ сүйеп иегін
тұншығып
шылым шегіп отырар шаһар...
Қайыр...
Мұнаралар іздейді құдайды
Сөз өлерде киелі...
...Анда
тек шайыр күрсініп,
мұнда
тек сұлу жылайды!...





Пікір жазу