Жорғатай ғұмыр
Жолдар –
ананың аппақ жаулығындай:
Аттай алмаймыз, ақтай алғанша жүреміз
борышын,
Таптай алмаймыз – аяғымыз жамандыққа
бастарда.
Шөлге ұрынбай, қаңғырып тауға ұрынбай
Мұратыңа жетуіңді сұрайды,
Бар бақыт ол үшін –
Жалғыз ұлын еліне жеткізіп тастауда!
Жолдар –
әкенің сіңірлі қолдарындай:
Кейде тым қатал, кейде тым биік, асқақ көрінер,
Ақжал арландай
Шақа бөлтірігін тайынбас шайнаудан.
Ұлы далада қалқып тұрған жырдай –
Біздер – түздің ұлдары –
Тәкаппар бөрілер,
Жолдар тағдырымызға айналған!
Жолдар –
өзендер секілді аласұрған:
Олардың жылжуы біздің ғұмырымызбен
сәйкес келмейді,
Олардікі – көзді ашқандай, біздікі – жұмғандай.
Бүкіләлемдік ұлы жарасымнан
Һәм
Қарама-қайшылықтардан жаратылған
Ақ желкен жанымызды жәй ғана тербейді,
Өлім әуеніне өмір билеп тұрғандай!..
Жолдар –
жалғыздығындай тым аяулы,
кетіп бара жатқан
мен
қайтып келе жатқанның,
қайталап жататын сияқты солардың күбірін.
Әнін айтып жалғыз бен жаяудың,
Арасымен бейкүнә шақтардың,
Сен, қайда аттандың,
Түз желіндей адасқақ, беу,
жорғатай ғұмырым!?.