07.05.2022
  166


Автор: Ерлан Жүніс

Мен кеткенде

Мен кеткенде Таразда көктем еді,
Көктем шығар әлі...
Мені әкеткен жолдарға өкпеледі,
Көне менен Кәрі.
О, несіне балаша өкпеледі
Көне менен Кәрі?!
Көктемені бірге алып кетпеп едім,
Жалғыз кеткем тағы.
Мені әкеткен жолдарға көп қарады,
Кәрі менен Көне:
« Мына жалғыз тасбауыр боп барады,
Қайырылмайды неге?».
Тапсырғандай сендерге көктемені,
Мұңайтпас деп оны,
Жолдар ертіп кетпеді текке мені,
Бұл жол – ұлдың жолы.
Мен кеткенде Таразда сұрақ қалды:
« Қайда? Неге? Не үшін?»
...Бақ ішінде бір сұлу жылап қалды,
Үнсіз қалды досым.
Мен кеткенде Таразда көктем бе өзге,
Мен бе өзге неме?!
Ұлдар үнсіз кетеді кеткен кезде,
Неге? Неге? Неге?!





Пікір жазу