![](/uploads/shorttexts/author_image/ymuf-kpn-400x400.jpg)
Ғұмырбаян
Тау толғатып жанымды, құм тәнімді
гүл еткен,
Хан үйіне түсіріп, жар үйінде түнеткен.
Ханым – жұртым болғанда, жарым – далам
арманды,
Мен танимын әлемді Ұлы Түздік Жүрекпен.
Түз ұлы деп танысын мені әлем таныса,
Түз киесі дарысын, маған егер дарыса!
Түздің түйір тасының садағасы ғұмырым,
Ханзададай бауырым,
қарындасым – ханыша!
Қарашаның қылығы, мінезіне сәуірдің,
Қауырсынын малып жыр жазамын
жанымның,
Оқып тұрам содан соң қыран ұшар биіктен,
Ерінімен көлімнің, тіліменен тауымның.
Табанымнан сүйді жер, алқатқанда ақ аспан,
Аланы-ау деп даланың, аспан көзін жаңа
ашқан,
Жаратқанның жұлдызы – жарылқаушы
Жұртымның
Маңдайына жарасқан, маңдайыма жарасқан!
Туған елдің маңдайдан сипауына сыйынам,
Туған жерге бір құшақ бақ гүлі боп бұйырам,
Мейірім қанып даламның мейірімінің
нұрынан,
Қаннан емес жүрегім, аппақ сүттен ұйыған!