07.05.2022
  277


Автор: Ерлан Жүніс

Қара шаңырақ

Қайда әке шаңырағы?
Мен онда өспегем –
Баяғы, аяулы ескі өлең!..
Мұң билеп жүреді естелік сазына,
Ой ағып жатқанда кешпенен.
Әкем, мен, оғлан кекілді –
Үшеуміз, о, кімге шығардық ең қатал өкімді?!
Қатыгез жылдарды жұтарда үнсіз біз
Бермуд үштағаны секілді..!
Іңірге батарда адасқан ойларым,
Әкесіз өскеннің әттегенайларын,
Түн, саған тапсырдым,
Жел, саған байладым!
Өзімді іздеймін өзгеден,
Тірі жүргенімді сезбеген..!
Түн қарап тұрады қабағы мыжылып
Қазақы көзбенен...
Қазақы көзқарас:
Оқ жона алмадым!
Мендегі азаптың салмағын
Ішімде тұншықты
Көтере алмаған талай жас арманым!..
Сен мені жазғырма, қара түн,
Бір қақса, қағады кәрі анам,
жанымның жаралы қанатын..!
...Түсімде жүремін жоғалған соқпақта адасып
әкемнің үйіне баратын!
Әкемнің үйінен шығатын,
Кәрі жол, қайтейін мен сені,
ұмытқан мұратын.
Сол үйде – той жасап жатыр ма ұлына
бөтен ел –
Кезінде жалғыз шал тұратын?
Мен бала кезімнен,
Жол, сенен біреуді күтумен көз ілгем...
Платон секілді жалғыз шал,
өз Атлантидаңды әкеттің өзіңмен!
Беу, қара шаңырақ,
Өзіңді іздетті тағы сам жамырап.
Тебеген тағдырлы емеген арман-ай,
Бауырымды езбеші маңырап!
Жол, енді шақырма,
Мұң қоспа мұңыма,
Түн, сен де қарама сұғына!
...Тарихи күрсініп қояды кәрі анам:
«Сен – қара шаңырақ! – Аманат ұлыңа!»
Ұлыма қараймын сезіммен аталы,
Періштем шалықтап жатады.
...Аманат – шаңырақ, шаңырақ – аманат!
Әр қара шаңырақ – қазақтың отаны!





Пікір жазу